Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында коронавирустық инфекцияның таралу деректерінің анықталуына байланысты аймақта қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматы облысы бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылдың 13 сәуіріндегі №6 қаулысында полицияның нақты міндеттері айқындалған. Оларды іске асыру мақсатында індеттің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі барлық қажетті шұғыл шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ауданның барлық кіру және шығу жолдары бұғатталып, адамдардың ауыл арасындағы қозғалысы шектелді. Қазіргі кезеңде 25 блокпост бар. Одан өзге, кіру және шығу жолдарына жеке құрамның 50-ге жуық қызметкері жұмылдырылған 3 негізгі блокпост орнатылған. Барлық жерлерді мұқият бақылау және құқықбұзушылықтарға шұғыл әрекет ету мақсатында атты нарядтар ұйымдастырылды. Олар аумақты, үйлерді және өзге де объектілерді жаяу аралаумен және халықпен профилактикалық жұмыстарды белсенді түрде жүргізумен айналысады», - деді аудандық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Талғат Сейлханов.