Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы ХҚКО-ға барып, халық жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ алып жатқанын көргенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"24 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Шынымды айтсам, кейбір жайттар анықталды. Айталық, мен сыбайлас жемқорлық қатарына қосатын көріністер, өйткені халық теориялық және практикалық емтихандардан өтпей-ақ, жүргізуші куәлігін алған. Мұндай жағдайлар онша көп болмауы мүмкін, бірақ нақты қанша болғанын да білмейміз", - деді Мусин ОКҚ брифингінде
Министр емтихан тапсыру сәтіне өзі барғанын және қазақстандықтардың теориялық, практикалық тестілерді тапсырмай, жүргізуші куәлігін қалай алатынына көз жеткізгенін айтты.
"Қазір бұны тоқтату үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Кеше, мысалы, Нұр-Сұлтанда күні бойы жүргізуші куәлігін тек үш адам алды. Бақылауды күшейтіп, емтиханға кім кіретінін, дәл сол адам ба, жоқ па тексеру үшін қосымша адамдар қойдық. Қазір шаралар қабылданды. Болашақта теориялық емтихандарға кіре берісте биометриялық сәйкестендіруді орнатату керек екенін түсіндік. Бұл практикалық емтихан тапсыру кезінде де қолданылады", - деді ол.