31 мам, 2025 сағат 14:30

Емтихан комиссиясының мүшелеріне дастархан жаю "дәстүрі" қашан жойылады — министр жауап берді

Фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында студенттердің емтихан комиссиясының мүшелеріне дастархан жаю "дәстүріне" қашан тосқауыл қойылатынын айтты, деп хабарлайды Ult.kz

Министр мұндай жағдайлардың әлі де кездесетінін мойындап, олардың заңсыз екенін айтты.

«Біз мұндай жағдайларға тосқауыл қойып келеміз. Әлеуметтік желілерде мұндай фактілер жарияланып тұрады, біз оларды бақылап, тоқтатып, университет басшылығымен тиісті жұмыстар жүргіземіз. Бұл кеңес заманынан қалған тәжірибе, бірақ қазіргі уақытта оның өзектілігі жоқ. Мұның бәріне тыйым салынған. Заң жүзінде ешқандай нұсқау жоқ (ред. ескерту – комиссияны тамақтандыру), бұл тек өткеннің сарқыншағы», – деді Ғылым министрі.


Осындай жағдайларға тап болғандар студенттердің құқықтарын қорғау бойынша әр өңірде жұмыс істейтін уәкілдерге жүгіне алады.

«Мен олармен жеке байланыстамын, әрқайсысымен. Біздің чатымыз бар. Студенттер құқығы бұзылуы анықталса, омбудсмен дереу іске қосылады. Олардың жеткілікті өкілеттіктері бар», – деп қосты Саясат Нұрбек.