29 қаз, 2021 сағат 17:19

Емханаға МРТ суреті мен анализ нәтижелерін тасу қажет болмайды – Бағдат Мусин


«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында әрбір азаматтың смартфонында мемлекеттік базадағы өзі туралы ақпараттар қолжетімді болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық жобаның төртінші бағыты – қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану деп аталады. Мұны қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, біз мемлекеттік базалардағы барлық ақпарат әрбір азаматтың смартфонында қолжетімді болғанын қалаймыз және көптеген қағаз құжатты өзімен алып жүру қажеттілігін жойғымыз келеді. Мысалы, қазір емханаларға барған азаматтар МРТ суреті мен көптеген анализ нәтижелерін өзімен бірге алып жүруге мәжбүр. Біз бұл мәселені шешуіміз керек және әр адамның смартфонында өз денсаулығы туралы, оның ішінде аурулар, дәрі-дәрмек, медициналық сақтандыру және өзге де барлық ақпаратты көру мүмкіндігін жасауымыз қажет», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.