ҚР ДСМ басшысы Елжан Біртанов қаза болған дәрігердің отбасына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан медицинасы ауыр қазаға ұшырады. Қызмет атқару үстінде екі дәрігеріміз көз жұмды. Кәсіби білікті дәрігерлер - гинекология мен акушерлік істе 20 жылдық тәжірибесі бар медицина ғылымдарының докторы Патсаев Талғат Әнапиұлы мен реанимация саласында 30 жылдық тәжірибесі бар, профессор, медицина ғылымдарының докторы Жәнібек Артықбаев өз ісінің хас маманы болатын. Олар босанғаннан кейін ауыр жағдайда жатқан әйелді құтқару жолында өз өмірлерін қиды.
Жақында ғана барша әлем халықаралық дәрігерлер күнін атап өткен болатын. ДДҰ, «Шекарасыз дәрігер» ұйымының бастамасымен атап өтілетін мереке адам денсаулығын сақтауда дәрігерлердің өлшеусіз рөлін көрсетуге бағытталған.
Күнделікті біздің дәрігерлер қалада я ауылда, күндіз-түні адам өмірін арашалап қалу жолында тынбай еңбек етіп келеді.
Өзгенің өмірін сақтаймын деп өздері көз жұмған дәрігерлеріміздің алдында басымды иемін.
Бұл біз үшін орны толмас қайғылы жағдай.
Барлық медицина мамандарының атынан қаза болған дәрігерлердің отбасына, экипаж мүшелерінің отбасына қайғырып көңіл айтамын. Меніңше, олар ерлік жасады», - деді министр Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, күні кеше ғана Алматыдан əуеге көтерілген шағын авиация ұшағы апатқа ұшыраған еді. Алматы облысы аумағынан табылған әуе кемесінің бортында екі ұшқыш пен үш дәрігер болған. Олардың мәйіті ұшақ құлаған жерден табылды.
Дәрігерлер ОҚО-дағы жас босанған, ауыр жағдайдағы әйелді қарауға шұғыл аттанған.