Қояндыда не жоқ?
Қояндыда 30 мыңдай халық тұрады екен. Шағын бір қалашық. Аз адам емес. Бірақ, ресми тіркеуде 4-5 мыңдай ғана тұрғын бар. Қалғаны қалада, анда-мында...
Өйткені, көп үйлерде құжат жоқ, тағы басқа... Соның кесірінен Қоянды көп мүмкіндіктерден қағылып келеді. Су жоқ, тоқ жоқ, жол жоқ, мектеп жоқ, емхана жоқ...
Мүлде жоқ деп те айта алмайсыз, бірақ орталық көшеде ғана асфалт жол бар. Тоқ пен су да орталық жақта. Жалғыз мекбеті бар. Үш ауысымда оқиды. Біраз балалар қалаға қатынайды. Былтыр бірінші класқа 400-ден астам бала барыпты. Олар 17 сынып болған.
Жерді де анау бір, мынау бір сатқан. Алған халықта не жазық бар. Үйін салып, тырбанып тірлік етіп жатыр. Бірақ, жоба-жоспар жоқ, көп жері бей-берекет орналасқан. Қыс болса қар астында, көктем мен жаңбырда батпақ кешкен ел. Суды тасып ішіп, қазған құдығынан алып отыр. Тоқ та жекелердің тарифымен. Кейбір үйлерде жоқ...
Қарап отырсаң, Астананың шетіндегі ғана үлкен елдімекен. Шеттен келген қандастар ғана емес, Қазақстанның әр өңірінен қоныстанған қазақтар да көп. Әрине, Астанаға жап-жақын, бірақ оған қарамайды. Аудан орталығы Ақмолдан жүз шақырымдай алыс. Жан саны көп, өзімен-өзі жатыр. Қиындығы көп. Ең болмағанда жолға тас болса да төгіп, тағы бірер мектеп салып берсе. Тұрғындарының дені қалада жұмыс істейді. «Елордасы» деп соның айналасынан тіршілік көзін іздеп келген халық. Ешкімге міндетсіп отырған жоқ, әркім өз шамасынша кәсіп жасап, еңбек етуде.
Жерді сатып, үй салуға, халықтың қонысануына мүмкіндік берген үкімет енді оларға аз да болса мойын бұрып, жол, суын, тоғын реттесуге неге ұмтылмайды деп ойлайсың? Дамып жатырмыз, гүлденіп жатырмыз дейміз. Сенгің келеді, бірақ шоғырлы халық орналасқан, Астана іргесіндегі үлкен кенттің мынадай жұтаған жағдайын көріп басқаша ойлайсың...
Мүмкін, Ақмола облысы, үкімет жоспар құрып отырған болар. Өзбекстан президенті Шавхат ака бір ауылды 40 күнде қайта сала салды ғой. Біздің биліктегі мықтылар да Қояндыны бір-ақ күнде жаңғыртуды жоспарлап қойған шығар, биыл-ақ... Астананың жирырма жылдығы тойына 19 миллиард теңге бөлгенде, бақадай шулаған халық отырған, сол Астанаға тиіп тұрған қордалы ауылды жөнге салу қиын дейсіз бе...
Мұрат Алмасбек