Қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге шығарған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына 36 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы күндері экологиялық полиция бөлімінің қызметкерлері қала сыртына рұқсатсыз қоқыс төгу фактілерін анықтау мақсатында рейд жүргізуде.
Құрылыс қалдықтарын елорда іргесіне апарып төккен кәсіпорындар мен қала тұрғындары 55 560 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Биылғы жылдың басынан құрылыс компаниялары, ПИК, ЖШС және тағы басқаларына, жалпы 2 мыңнан астам адамға 36 млн теңге айыппұл салынды.
Елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, «Нұрлы жол» вокзалының артында үлкен шұңқыр бар. Кейбір құрылыс компаниялары және өз пәтерінде жөндеу жүргізетін азаматтар мұнда түнде келіп қоқысты заңсыз лақтырып кетеді.
«Шаралар қабылдаймыз. Мұны қадағалайтын экологиялық полиция бар. Олар бұл жұмысты жақсы атқаруда. Құрылыс маусымы басталды, заңсыз қоқыс шығару фактілері көбейді. Заңға сәйкес олар құрылыс қалдықтарын мамандандырылған экологиялық полигонға апаруы керек. Ол Павлодар тасжолы бойымен Алаш тасжолында орналасқан. Олар құрылыс қалдықтарын өңдейтін жерге апаруы тиіс. Тазалық мәдениетін қалыптастыру қажет», – деді
Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов экологиялық полиция мен аудан әкімдеріне ескерту жасап, құрылыс қалдықтарын заңсыз төгудің жолын кесуге және ол үшін арнайы орын белгілеуді тапсырған болатын.