Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова оқушыларға биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша баға қалай қойылатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, биыл 9-шы және 11-ші сыныптарға қорытынды аттестаттау болмайды. Қорытынды бағалар жылдық нәтижелер бойынша қойылады. Аптасына 2 және одан көп сағат жүктемемен оқу пәндері бойынша БЖБ (Бөлім бойынша жиынтық бағалау) өткізу мерзімі - 2020 жылы 4 -11 мамыр аралығында, ал аптасына 1 сағат жүктемемен оқу пәндері бойынша БЖБ өткізу мерзімі 2020 жылдың 11-15 мамыр аралығында өтеді», - деді Шолпан Қадырова баспасөз мәслихатында.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) 1 рет өтеді. Өткізу уақыты БЖБ бойынша 20, ТЖБ бойынша 40 минутты алады.
«1-4 сынып оқушылары үшін БЖБ және ТЖБ өткізу уақыты шектелмейді. БЖБ және ТЖБ саны бір күнде үш жиынтық жұмыстан аспауы тиіс. Көркем еңбек, өзін-өзі тану, музыка, дене шынықтыру, бизнес және кәсіпкерлік негіздері, графика және жобалау, қоғамтану, дінтану пәндері бойынша бөлім бойынша бағалау және тоқсан бойынша бағалау болмайды. БЖБ және ТЖБ өткізу үшін педагог жиынтық жұмыстың оқу тапсырмаларын жүктеп, жиынтық жұмысты тапсыру үшін сынып оқушыларының кіруін және әртүрлі байланыс құралдарымен қамтамасыз ете отырыпғ білім беру платформаларын пайдалана алады», - деді ол.
Күнделік.kz және кез келген қолжетімді байланыс құралдары (электрондық пошта, чат) арқылы білім алушылармен, баланың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен электрондық форматтағы пікір алмасу бойынша кері байланыс орнатылады.