16 жел, 2020 сағат 07:37

Елордалық әртістер қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше құттықтады

Тәуелсіздік мерекесіне орай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше тарту ұсынылды. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайымен және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, мерекелік іс-шаралар кешенін ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

 

Мерекелік іс-шара Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан бастау алды. «Қазақконцерт» ұйымының «Астана мюзикл» театры қала тұрғындары мен қонақтарын музыкалық қойылыммен қуантты. Театрдың талантты жастары ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін, «Керім-ау айдай» атты белгілі халық әнін де шырқады. 

Тәуелсіздік мерекесіне арналған жоба «Нұрлы жол» вокзалында өз жалғасын тапты. «Астана мюзикл» әртістері бұл жерде баршаға танымал «Атамекен» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Теміржолшылардың формасын киіп музыкалық флешмоб бастаған әртістер көрермендерді таңғалдырып, ерекше әсер қалдырды. Жолаушылар да әнге қосылып, патриоттық сезімге бөленді.

Тәуелсіздік мейрамын ұлықтаған жоба баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, елордалықтардың патриоттық рухтарын көтерді. Сондай-ақ «Қазақконцерт» ұйымы ұйымдастырған бұл жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Қоғамдық орындарда өткен осы ерекше құттықтаулар арқылы әртістер музыкалық өнерді барша халыққа қолжетімді ете білді.