07 қыр, 2020 сағат 16:40

Елордадағы спорт сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі беріледі

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайына Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілмек. Үкіметтің тиісті Қаулы жобасы «Ашық үкімет» порталында қоғам талқылауына ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темiржол вокзалдарына, темiржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншiгiндегi басқа да объектiлерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттiк заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есiмiн беру қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 11, 81-құжат) сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаулы етеді:

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайына «Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және Әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы» атауы берілсін», - делінген құжат мәтінінде. 

Қаулы жобасы қоғам талқысына 7 қыркүйек күні беріліп, 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Кез келген азамат «Ашық үкімет» порталында өз пікірін қалдыра алады. 

Еске салайық, грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР, Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Чапаев кеңшарында дүниеге келген.

Биылғы 2 тамызда мезгілсіз өмірден өтті.