15 мам, 2020 сағат 15:05

Елордадағы науқастардың 79 пайызында коронавирус жеңіл дәрежеде

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордадағы коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«15 мамырдағы жағдай бойынша елордада коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 173 адам анықталды. Оның ішінде 588 адам немесе 44 пайызы емделді. Жағдайдың ауырлығына қарай: төрт пайызы ауыр, 17 пайызы орташа, 79 пайызы жеңіл дәрежеде», - деді С. Қисықова онлайн баспасөз мәслихатында. 

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта ауруханаларда зертханалық тексеру әрі ем қабылдау мақсатында 1 423 адам жатыр. 

«Коронавирус инфекциясынан 661 адам ем-дом қабылдауда. Індет жұқтырған науқастардың арасындағы төртеуінде жағдайы тұрақты ауыр хәлде, бір адам жасанды өкпені желдету аппаратына қосылған. Қалған пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде», - деді Сәуле Қисықова.