25 мау, 2021 сағат 21:48

Елордадағы іскерлік орталық: ЭКСПО нысандары қазір қалай жұмыс істеп тұр?


Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана ЭКСПО -2017» халықаралық көрме нысандары аумағында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана ЭКСПО -2017» халықаралық көрме нысандарын тиімді пайдалану үшін әлем астаналарының тәжірибесі қаралды. Яғни, бізде бар ресурстар мен мүмкіндіктер сараланды. Бүгінде EXPO іскерлік орталығы 25 га жер аумағын қамтиды және онда 15 нысан орналасқан. Көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде нысандардың ауданы 75 мың шарты метрге ұлғайтылды, олардың толымдылығы бүгінгі күні 98%-ға жетті, - деді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов баспасөз турында. 

EXPO іскерлік орталығы 2023 жылдан бастап толықтай өзін-өзі қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. 

«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы басшысының айтуынша, іскерлік орталықтағы маңызды нысандарының бірі, туристерді тартатын орынға айналған – «NUR ALEM» болашақ энергиясы мұражайы. 

«2018 жылдан бастап мұражайда еліміздің барлық өңірлерінің қатысуымен 150-ден астам ойын-сауық және білім беру іс-шаралары өтіп, одан бөлек, 500-ден астам Kids&Students Future Energy ашық сабақтары ұйымдастырылды. Көрмеден кейінгі кезеңде NUR ALEM-ге 800 мыңнан астам адам келді. Шетелдік туристердің басым бөлігі ТМД елдері, Қытай, АҚШ, Германия, Италия, Үндістан және тағы басқа елдерден келді», - дейді ол. 

Одан бөлек, ұлттық компания сауда инфрақұрылымын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Оның шеңберінде 4 трансшекаралық хаб құру жоспарланып отыр.

Оларды дамытудың негізгі бағыттары: өндірістік кооперация, АӨК өнімдерін қайта өңдеу және сақтау, тасымалдау, трансшекаралық сауда, сондай-ақ қоймалау және сақтау.

Сондай-ақ, баспасөз туры барысында биыл 1 қаңтардан бастап Мәскеудегі «Қазақстан» сауда-көрме орталығы «QazExpoCongress» ұлттық компанияның балансына қабылданғаны айтылды. 

Ондағы мақсат - қазақстандық тауарларды Ресей нарығында ілгерілету.