26 мам, 2020 сағат 13:43

Елордадағы блокпостар қашан алынады – Алтай Көлгіновтің жауабы

Елордаға кіріп, шығатын жолдардағы блокпостар әзірше алынбайды. Бұл туралы Хабар-24 телеарнасының тікелей эфирінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі - сыртқы шекараның жабылуы. Алғашқы вирустың шетелден келгендігін және содан кейін барып таралғандығын ескере отырып халықаралық рейстер тоқтатылды», - деді ол.

Елорда әкімінің айтуынша, екінші бағытта ішкі шекаралар, яғни, өңіраралық шекараларды жабу жұмыстары қолға алдынды.

«Қазіргі уақытта әр өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың әртүрлі екендігін көріп отырмыз және блокпостардың арқасында өзін-өзі оқшаулау, әлеуметтік ара қашықтық режимін қамтамасыз етіп, вирусты оқшаулай алдық», - деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, үшінші бағытта қалада орамішілік бақылауды күшейту жұмыстары жүргізілді. Бұл да вирустың таралуына қатысты жағдайды бақылауғаалуға мүмкіндік берді.

«Маусым айында темір жол қатынасы қайта жанданатын болады. Осыған орай блокпостқа қатысты мәселені қарастырып жатырмыз. Бірақ, мамыр айының соңына дейін блокпостарды алмаймыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.