24 мау, 2020 сағат 10:01

Елордада жедел жәрдемге коронавирус күдігімен 2,6 мыңнан астам тұрғын қоңырау шалған

Маусымда елордалықтар коронавирус жұқтырып алдым деп қауіптеніп, жедел медициалық жәрдем стансасына 2,6 мыңнан астам қоңырау шалған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Мұрат Оразбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жедел көмек қызметкерлері айына бір рет 100 пайыз ПТР-тестілеуінен өтуі тиіс. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мынадай дерек келтіре кетейін. 1 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен байланысты 2,6 мыңнан астам шақырту тіркелді. Оның ішінде 1 236 пациент ауруханаға жатқызылды. Бұл 48 пайызды құрайды. Қалған пациенттер учаскелік дәрігер қадағалау үшін үйлеріне жіберілді», - деді Мұрат Оразбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. 

Ал Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов жедел медициналық жәрдем қызметіне коронавирус инфекциясына байланысты түскен қоңыраулардың 5 мыңнан асып кеткендігін айтады. 

«Біз үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Мәдіметтер күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп тұрады. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы күдігімен 5 мыңнан астам шақыртуларға жедел көмек бригадасының қызмет көрсеткендігі туралы мәлімет бар. Олардың 70 пайызға жуығы ауруханаға жатқызылған. Бізде бекітілген алгоритм бар. Соған сәйкес, аурудың жеңіл ағымы анықталған жағдайда және қауіп факторлары жоқ пациент үйде қалдырылады. Ары қарай емхананың учаскелік дәрігерінің қадағалауына жіберіледі. Кейбір жағдайда пацент ауруханаға апарылған жоқ, енді бір жағдайларда коронавирус инфекциясы белгілері байқалмады», - деді Бауыржан Жүсіпов.