Елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты 5 сағатқа ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған.
«Сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмысына күшейтілген санитарлық тәртіпті сақтай отырып, бір келушіге 4 шаршы метр орын қалдыру арқылы жұмыс кестесін жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін рұқсат берілсін», - деп жазылған құжатта.
Бұған дейін сауда ойын-сауық орталықтарында вакиналау бекеттері орналаспаған болса, жұмыс күндері тек кешкі сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеуіне болатын.
Дегенмен, сенбі мен жексенбіде аталмыш нысандар әлі де жұмыс істемейді.
Бұл шектеудің аталған мекемелерде орналақсан дәріханаларға, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды сататын минимаркеттерге, супермаркеттер мен гипермаркеттерге, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерге қатысы жоқ.
COVID-19-ға қарсы вакциналау бекеттері жұмыс істеп тұрған нысандар үшін жұмыс және демалыс күндері сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс режимі белгіленді.
Дегенмен ондағы аттракциондардың, балалардың ойын алаңдарының, мұзды және роликті сырғанақтардың, ойын орталықтарының жұмысына қатаң тыйым салынады.
«Ashyq» жобасына қатыспайтын фудкорттарға жұмысы тек тамақты жеткізуге және шығаруға рұқсат етіледі. «Акциялардың, жәрмеңкелердің, шоурумдардың, ұтыс ойындарының әртүрлі түрлерін офлайн форматта өткізуге тыйым салынады.
«Ашық ауадағы аттракциондардың жұмысы әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы, жұмыс және демалыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін белгілей отырып ұйымдастырылсын» деп жазылған қаулыда.