Елордада коронавирус инфекциясы бойынша ПТР тесттен өту ақысы қанша болады? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы тексеруден тиісті азаматтар (яғни вирус жұқтыру күдігіне ілінгендер мен коронавирусты жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандар) өтеді. Оның бәрі тегін. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында әуе рейсінің қалпына келтірілуіне байланысты ол енді міндетті түрде өтетін жағдай (...) Қалада бірнеше зертхана бар. Жауапкершілігі жеке ұжымдардың бағаларының мөлшері 11-20 мың теңге арасында», - деді Сәуле Қисықова Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасында берген сұхбатында.
Басқарма басшысы ПТР тесттен кімдер тегін өте алатынын айтып өтті.
«Алдын ала тексеру жұмыстарына сәйкес тізімге енген азаматтар, яғни індетті жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болғандардың бәрі тегін өтеді. Одан бөлек алдын алу жұмыстары бойынша ПТР тесттерден медициналық қызметкерлерді өткіземіз. Блок-постта қызметте тұрғандарды, мемлекеттік-әлеуметтік ұйымдардағы азаматтарды да тестпен тексереміз. Қазір біз елордада №2 емхананы бөліп қойдық. Яғни ЖРВИ инфекциясын жұқтырған азаматтар да сол жерге тегін түрде өтеді. Бүгінгі күні №6 және №9 емханада провизорлық бөлімшелерді ашып қойдық. Бұл клиникаға жатқызылар алдында науқастар сол жерде міндетті түрде тесттен өтеді. Сонымен қатар жүкті әйелдерде 37-ші аптада ПТР тесттерден өткіземіз», - деді ол.