22 сәу, 2020 сағат 19:52

Елордада масаға қарсы дезинсекциялау екі ауысымда жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласында маса және басқа жәндіктерге қарсы кең ауқымды дезинсекция жұмыстары екі ауысымда жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Мамандар бірнеше бағытты қамтыды. Олар су қоймасы мен жертөлелерді өңдеп жатыр. Жұмысқа 150-ден астам адам тартылып, ондаған техника жұмылдырылды. 

«Маса көп шығатын жерлерді дезинсекциялауға баса көңіл бөлініп отыр. Бұл масса және шіркей санын азайтуға мүмкіндік береді. Дезинсекция жұмыстары көшелер мен адам көп жиналатын орындарда басталды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекциялық жұмыстар қаланың орамішілік аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда, көшелерде жүргізіледі», - деп атап өтті мамандар.

Масамен күрес тиімді болуы үшін тұрғын үйлердің жертөлесін, мектеп пен балабақша аумағын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базарларды, сауда үйлерін және т.б. заларсыздандыру маңызды. Биыл масалардан аумақты өңдеу жоспары 20%-ға, су қоймаларын өңдеу 25%-ға артты.