
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов коронавирусқа қарсы вакцина алатын пациенттердің бағыт-бағдарын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Емхананың кіреберісінде егу кабинетіне көрсетілген бағдарлар орнатылған. Тіркеу бөлмесінде пациентті вакцина алу үшін дәрігерге жазалы және КВИ-ға қарсы вакцинаны алу үшін іс-әрекет алгоритмін түсіндіреді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, осыдан кейін дәрігер пациенттің дене қызуын, саиурация, жүрек қағысының жиілігін, қан қысымын, тыныс алу және жүрек қан-тамырларының аускультациясын және тамағын тексереді. Содан соң орта медициналық қызметкер пациентті кезекпен емшара бөлмесіне шақырады және вакцинация жасалады.
«Вакцинациядан кейін пациентке «КВИ-ға қарсы вакцина егілді. Медициналық бақылау уақыты - 30 минут!» деген бейдж таратылады. Медициналық қызметкердің бақылауымен емхананың күту залында 30 минут міндетті түрде болу қажеттілігі ескертіледі. Науқас күту залына жіберіледі және 30 минут күтеді. 30 минуттан кейін медициналық маман пациенттің денсаулық жағдайын бағалайды және бейджді қайта алып, оны үйіне жібереді. Учаскелік дәрігер 3 күн ішінде науқасқа қашықтықтан бақылау жүргізеді. 21-күні пациент вакцинаның 2-ші дозасын алуға келеді», - деді Тимур Мұратов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
