19 мам, 2020 сағат 11:44

Елордада коронавирусқа қарсы арнайы жасақталған емханалар бұрынғы жұмысына оралады

Нұр-Сұлтан қаласында COVID-2019 індетіне қарсы арнайы жасақталған медициналық ұйымдар бұрынғы жұмыс бағытына қайтып келіп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір медициналық ұйымдардың жұмысын қайта қалпына келтіру мәселесі шешіліп жатыр. Олар коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында COVID-2019 індетіне қарсы арнайы жасақталған болатын», - деді Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, астана халқы қазір қалыпты өмірге оралуда.

«Коронавирус инфекциясына байланысты бұған дейін енгізілген шектеу шаралары ақырындап алына басталды. Бірқатар нысанды аша отырып, біз қалыптасқан қазіргі ахуалды тестен өткізіп жатырмыз. Денсаулық сақтау жүйесі жағдайды бақылап, тестілеп, қадағалауды үйренсе, қатаң карантин режимінен шығуға болады. Науқастарды қабылдайтын орындар елордада жеткілікті. Қаладағы ауруханалардың бәрінде коронавирусты анықтайтын провизорлық орталық ашылды», - деді ол.