Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен карантин кезінде қала көшелеріне шыққан тұрғындардың көбеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында оған коммуналдық қызметтер үшін 15 теңге көлемінде өтемақыны төлеу қашан басталатындығы жөнінде сауал жолданды.
«Үкімет тарапынан тиісті арнайы нұсқау ережесі шықты. Сол ережеге сәйкес, арнайы штабпен осы мәселені қарастырып жатырмыз. Бүгінгі таңда 54 мыңдай адамға осы 15 мың теңгелік коммуналдық өтемақыны беру мүмкіндігін қарастырудамыз», - деді әкім орынбасары.
Осы орайда ол қазіргі таңда қажетті жұмыстарды электронды түрде Smart Astana арқылы іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
«1-2 күннің ішінде тиісті шараларды атқарамыз. Сәйкесінше, ақпарат құралдарына тиісті мәліметті жариялаймыз. Бұл жұмыстарды Smart Astana базасында іске асырамыз ба деп отырмыз», - деді Бақтияр Мәкен.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантинге жабылған өңірлердегі халықтың жекелеген санаттарының коммуналдық шығыны үшін 15 мың теңгеден аударылатынын мәлім етті.
Нақтырақ айтқанда, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударып отырады. Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары айқындалған.
Олар: - 1, 2, 3 топ мүгедектері;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көпбалалы отбасылар;
- ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
- төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
- атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге төлеуге өтінім қабылдау әкімдіктер өтінім қабылдайтын арнайы жүйені іске қосқан соң басталады.