07 қаң, 2021 сағат 10:45

Елордада көлік жуатын орын өртеніп, 13 машина жанып кетті

Елордалық өрт сөндірушілер автожуу нысанындағы жалынды сөндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқыс оқиға бүгін, яғни 7 қаңтар сағат 08: 52-де Нұр-Сұлтан қаласы Есенберлин көшесі, 26/1 мекенжайында орналасқан автокөлік жуу орнында тіркелген. 

Оның ішінде көлік жанып жатқаны туралы келіп түскен шақыруға Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінен 9 техника мен жеке құрамнан 15 адам жұмылдырылған.

«Өрт сөндірушілер сағат 08:59 шамасында келген бойда «Батыр» көлік жуу орнының екі қабатты ғимаратында көліктер жанып жатқаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша 13 жеңіл автокөлікке зақым келген. Автокөлік жуатын орын автокөліктермен тығыз толтырылғандықтан отты ауыздықтау біраз қиынға соқты, бірақ өрт сөндірушілердің жедел және сауатты іс-қимылының арқасында тілсіз жау сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - дейді министрліктен.

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД азаматтарға, ТҚС және басқа да кәсіпорындардың иелеріне қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, тұрмыстық техниканы, электр құрылғысын пайдалану жөніндегі нұсқаулықты сақтауға, электр сымдарының оқшаулағышы зақымдалған аспаптарды пайдаланбауға кеңес береді.