27 нау, 2021 сағат 11:15

Елордада қазақ тіліне аударылған «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы таныстырылды

Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ахмет Кенесаринның қазақ тіліндегі «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі ақын Ербол Алшынбай қазақ тарихы үшін аса құнды еңбек сұлтан Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын шағатайшадан қазақшаға аударып, ғылыми түсініктемелерін жазып, кітаптағы дерекке сай Кенесары хан мен сұлтан Сыдықтың жорық жолдарының картасын салдырып баспадан шығарды. Алғы сөзін Берік Уәли, рецензиясын Жамбыл Артықбаев жазды.

Атап айтқанда, кітап шағатайшадан қазақшаға тұңғыш аударылып отыр. Кенесары хан мен оның әулеті, ұлы сұлтан Сыдық туралы көптеген ғылым үшін жаңалық болатын деректер айналымға түсті. «Насаб наме сұлтан Сыдық» ұлттық көзқараспен жазылған, біздің халқымыздың мүддесі тұрғысынан пайымдалған тарихи еңбек. 

«Жуырда ғана осы кітаптың баспадан шығуына себепкер болған белгілі ақын, жас ғалым Ербол Алшынбай бауырымыз. Тікелей шағатай тілінен қазақшаға тұңғыш аударып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы керек. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді». Сол бағытта осы кітапты шығаруға туралы келді. Ербол Алшынбай ҚР Президенті баспасөз қызметінде сарапшы болып қызмет атқарады. Пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеу кезінде қосымша осы кітапты аударуға тапсырма бердік. Бұл жігіт осы тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты десек болады», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Өз кезегінде Ербол Алшынбай бұл кітапты аударудағы мақсат қазақ тілді аудиторияны, контентті сапалы ғылыми әрі тарихи еңбектермен толтыруға негізделгенін атап өтті. 

«Осы кітап Кенесары ханның жолын жалғастырып, көп жылдар бойы қолынан қаруын тастамаған Сыдық сұлтанның өмірі арқылы тарихи кезеңді тануға, қазақты тануға және сол кезеңдегі тарихи тұлғаларды тануға септеседі деп ойлаймыз. Біздің тарихымыз үшін өте құнды, сондай-ақ осы кезге дейін көп айналысқа түспеген ғылыми деректер бар», - деді Е. Алшынбай.

Айта кетейік, аталған кітап «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен «Фолиант» баспасынан 2 мың данамен жарыққа шықты. Тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, жазушылар қатысты.