Елордада қауіпті тұрғын үй кешендері жөнделе бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша биыл қалада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені, 100-ден аса жеделсаты жөнделеді және жаңасына ауыстырылады. Бұдан бөлек, 2020 жылы 800 отбасы апаттық ескі үйден жаңа пәтерге көшіріледі.
Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов «Орбита» және «Территория комфорта» түрғын үй кешендері тұрғындарымен кездесуінде үйлерді жөндеуге қатысты мәселе көтерілген болатын. Аталған тұрғын үй кешендерін жөндеу басталды.
Тұрғындар жел тұрса далаға шығуға қорқатынын айтқан.
«Балалардың басына плитка құлап кетеді деп қауіптеніп, далаға шығармаймыз. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі жүйесі де жоқ, қорқып өмір сүріп жатырмыз. Өзіміздің үйде «плитка құлап кетеді» деп қауіптенбей жүргіміз келеді», деген болатын тұрғындар.
«Биыл ауқымды жұмыс атқарылады, тұрғын үй кешені қаптамасы тұрғындарға қауіп төндірмеуі тиіс. «Орбита» және «Территория комфорта» тұрғын үй кешендерінің салынғанына көп болмаса да, жел тұрған сайын плиткасы құлайды, витраждары дұрыс орнатылмаған және т.б. Қазір жөндеу басталды. Қаптамасын ауыстырып, витраждарды қайта монтаждаймыз, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі жүйесі мен жылыту жүйесін жөндеп, басқа да мәселелерді шешетін боламыз», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Еске сала кетсек, былтыр қараша айында «Орбита» тұрғын үй кешенінде балконы орнынан «жылжып», еден дірілдеген. Осы мәселеге түсінік берген қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов тұрғын үй кешені проблемалық нысан екенін мойындап, әкімдіктің үлескерлер мәселесін шешу бойынша шаралар жоспары бар екенін жеткізген. Оның аясында үйдің конструкциясыны нығайту, қасбетін ауыстыру және ресми түрде пайдалануға беру көзделген.