16 сәу, 2020 сағат 17:34

Елордада екі күнде 34 адамның коронавирусты қайдан жұқтырғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, соңғы екі күнде елордада коронавирусты жұқтырған 34 адамның 18-і «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейінгі екі күннің ішінде елордада коронавирусты жұқтырудың тағы 34 жағдайы тіркелді. 15 сәуірде 15 адам вирус жұқтырып, ауруды жұқтыру өсімі 5,3 пайызды көрсетті. 16 сәуірде, яғни бүгін тағы 19 адам ауру жұқтырып, өсім 6,4 пайызға жетті. Осы екі күнде вирус жұқтырған адамдардың төртеуі – бірнеше күн бойы коронавирус жұқтырды деген күдікпен стационарларда болғандар. Диагностика барысында олардың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Экспрес-тестілеудің көмегімен тағы бір адамның COVID-2019 ауруын жұқтырғанын анықтадық. Ол провизорлық стационарға жеткізіліп, сол жерде оның да вирус жұқтырғаны расталды», - деді Сәуле Қисықова «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысының айтуынша вирус жұқтырған тағы 11 адам – бұрын COVID-2019 ауруына шалдыққандармен жақын байланыста болған кісілер. Көбі - отбасы мүшелері мен әріптестері.

«Олардың бәрі бұрын анықталып, оқшауланған еді. Инфекция расталғандықтан олардың бәрі емханаға жатқызылды», - деді ол.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің коронавирусты жұқтыру ықтималдығы тексеріліп жатыр. Сонымен қатар Сәуле Қисықованың айтуынша «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 380 адам тексеріліп, олардың (306 тұрып жатқан адам мен 74 қызметкер) 18-нен коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Оның бәрі ауруханаға жатқызылып, бәрі де хаттамаға сәйкес ем алуда.