12 шіл, 2021 сағат 18:24

Елордада әйгілі корей суретшісінің көрмесі ашылды


9 шілдеден бері Елбасы музейінде корей суретшісі Ли Инамның цифрлық өнер туындыларының көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шараны Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы мен Елбасы Кітапханасы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры бірге ұйымдастырып отыр. 

Көрме аясында әлемге әйгілі корей суретшісі Пэк Намджунның мұрагері деп саналатын әйгілі корей медиа өнерінің шебері Ли Инамның жұмыстары ұсынылған. Автор бұл туындылары арқылы Шығыс Азия классикалық кескіндемесінің әйгілі картиналарын негізге ала отырып, Шығыс және Батыс өнерінің үйлесімін көрсеткен.

Көрме Елбасы музейінің көпфункционалды көрме залында өтіп жатыр, төрт жағынан үлкен мультимедиялық LED-экрандармен жабдықталған. 

Автор цифрлық өнердің көмегімен Шығыс Азия мен Батыстың Кемджэ Чонгсон, Ким Хондо, Жорж-Пьер Сера, Винсент Ван Гог сияқты қылқалам шеберлерінің картиналарын біріктіру арқылы жаңа мазмұн ашқан, сондай-ақ тың стильдегі туынды арқылы Қазақстан мен Корея ынтымағының келешегін дәріптейді. 50 минуттық туынды классика мен заманауи кескіндемені бір мультимедиялық контентке тоғыстырған. 

«Мен пандемияға байланысты ашылу рәсіміне қатыса алмағаныма өте өкінемін. Бірақ, соған қарамастан, Қазақстанда корей классикалық кескіндемесінің танымал картиналары насихатталып жатқаны қуантады. Осы көрмеге арнап өз туындыларымды «Жарықтың жандануы» тақырыбында дайындадым. Сол арқылы Корея мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастардың тарихи сипатына жарық түсіргім келді», - деді көрменің ашылуында тікелей байланыс арқылы сөз алған Ли Инам.

Корей мәдени орталығы бұл шараны Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алып отыр. 

«Біздің мәдени орталық Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қазақстандықтарға корей медиа өнерінің туындыларын ұсынғанына қуаныштымын. Суретші еңбектерінің арқасында Корея туралы көбірек біліп, орталықтың алдағы іс-шараларына да жұрттың қызығушылығы оянады деп үміттенемін», - дейді Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан. 

Көрменің 12 қыркүекке дейін жұмыс істейді.