27 сәу, 2020 сағат 09:05

Елордада 4,6 мың бала кепілдендірілген әлеуметтік пакет алады

Елордада 17 сәуірден бастап АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары беріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Кепілдендірілген әлеуметтік пакет кесте бойынша «Магнум» ЖШС сауда желісінің супермаркеттерінде беріледі. Жалпы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 2,7 мыңнан астам отбасын, атап айтқанда 4,6 мың баланы қамту жоспарланған. Әлеуметтік пакет алушылар тізімінен ЖСН арқылы тексереді. Кестеде кепілдендірілген әлеуметтік пакетті қашан және қайда алу керегі көрсетілген. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті беру уақыты сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін. 

Айта кетейік, қазірге дейін кепілдендірілген әлеуметтік пакет 1,6 мың отбасына беріліп, 2 мыңнан астам бала қамтылды. Сондай-ақ Bizbirgemiz акциясы аясында осы отбасыларға 50 бір реттік медициналық маска беріліп жатыр.

Кепілді әлеуметтік көмек алушылар көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіруде. 

«Төтенше жағдай кезінде үкімет азаматтарға қолдау көрсетуде. Жыл басынан бері мемлекеттен екінші рет кепілді әлеуметтік көмек алдым. Ол азық-түлік, балаларға арналған тамақ және тұрмыстық химияны қамтиды. Маған Nur Otan партиясынан медициналық маска жиынтығы берді. Бұдан басқа, біз 42 500 теңге әлеуметтік төлем алдық. Мұндай қиын күндері бұл халық үшін үлкен көмек. Ел басшылығына алғысымды білдіремін», – деді «Алтын алқа» иегері Шолпан Қалыңғараева. 

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында АӘК тағайындау тетігін оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген уәждемесін қамтамасыз ету мақсатында түзетуді тапсырған болатын. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кешенде жүзеге асырылады және оған көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақы, АӘК және аз қамтылған отбасылардағы балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді.