Елордада карантин кезінде кедергісіз жүріп-тұру үшін бөтен адамдарға жалған анықтамалар берген кәсіпорындар анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елордада бірқатар кәсіпорындар Нұр-Сұлтан қаласында кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтамалар жасаған. Кәсіпорын басшылары оларда жұмыс істемейтін азаматтарға да анықтама берген. Тәртіпбұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері планшеттегі электронды база арқылы тексеру кезінде анықтады. Барлық патрульдік қызметтер планшеттермен қамтылған. Тәртіпбұзушылар енді жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін», - делінген қала әкімдігінің ақпаратында.
Айта кетейік, өткен аптада қалада карантин режимін бұзғаны үшін 800-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 32-сі қамауға алынды, қалғандарына айыппұл салынды.
Нұр-Сұлтан қалалық Әкімшілік полиция бастығы Елжан Шөпековтің айтуынша, карантин кезінде елордада бес мыңға жуық полицей қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
«Қала тұрғындарының көбі тәртіпті бұзып жатқан жоқ. Алайда, полицияны алдауға тырысатын тұрғындарымыз да бар. Шағын кәсіпорын иелері азаматтар қала ішінде кедергісіз, еркін жүріп-тұруы үшін жұмыс орнынан жалған анықтамалар берген. Олар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – деп атап өтті Е. Шөпеков.
Соңғы аптада айып тұрағына 400-ге жуық автокөлік жеткізілді, 500-ден астам мемлекеттік нөмір тәркіленді.
«Карантиннің бірінші күнінен бастап тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке шамамен үш мың адам тартылды. Полиция тұрғындарды карантин режимін бұзбауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын ойлаңыз», - деді Шөпеков.