Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет Хамзин карантиннен кейінгі алғашқы Алматыдан ұшып келетін рейске дайындық туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әуежай 30 наурызда жабылды, соңғы жолаушылар рейсіне қызмет көрсеттік. Қазір 1 мамырда Алматы – Нұр-Сұлтан алғашқы жолаушылар рейсін қарсы алып жатырмыз. Біз барлық қажетті шараларды жасадық: әуежай ғимаратына кіреберісте арнайы пост қойылды және теріс нәтиже көрсеткен COVID-19 анықтамасы бар жолаушылар ғана кіре алады. Барлық жолаушылар тек маскамен және қолғаппен кіргізіліп жатыр. Әуежайдың барлық жерінде арнайы қашықтық сақталып, санитайзерлер қойылған», - деді Дәулет Хамзин әуежайда журналистермен кездесуде.
«Күніне екі рет тазалау жұмыстары жүргізіліп, барлық негізгі орындар дезинфекциялануда. Әуежай жолаушылар мен рейстерге қызмет көрсетуге дайын деп есептейміз. 170 өндірістік персонал рейстерге қызмет көрсетіп жатыр. Әр ауысымда 40 адам шығады», - деді спикер.
Оның айтуынша, әуежайдың жұмыс істемеуіне байланысты авиациялық және авиациялық емес кірістер нөлге жақындап, кәсіпорын белгілі бір шығынға ұшыраған.
«Шығынның нақты көлемі есептеліп жатыр. Бұдан бөлек, әуежай санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қамтамасыз етуге, оның ішінде қызметкерлер үшін дезинфекциялау құралдарын, жеке қорғану құралдарын, костюмдерді, санитайзерлерді және тағы басқа заттарды сатып алуға айтарлықтай қомақты қаражат жұмсаған. Карантинге дейін тәулігіне 200 рейске қызмет көрсеттік. Карантин кезінде орташа есеппен тәулігіне 20 рейс болды. Әуежай бос тұрған жоқ. Біз транзиттік және жүк рейстерін тарту бойынша көптеген жұмыстар атқардық. Гуманитарлық рейстерге қызмет көрсеттік», - деп түйіндеді Д.Хамзин.
Еске салайық, бүгін Алматы мен елорда арасында әуе қатынасы жанданды.
Бұдан бөлек, 4 мамырдан бастап Қазақстанда бірқатар әуе рейстері қайта іске қосылады.