18 жел, 2019 сағат 13:04

Елорда әкімі үйіне қандай шырша орнататынын айтты

Елордада Жаңа жылға дайындық жұмыстары Тәуелсіздік күнінен кейін ғана басталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала басшысының айтуынша, биыл жаңа жылға орай шырша сатып алынған жоқ. Бұған дейін қала ішінде орнатылып келген шырлар кәдеге жарайды. Жалпы, қала ішінде 50 шырша шырша болса, соның 70 пайызын ірі сауда орталықтары өз қаражаттары есебінен орнатып жатады.

«Жалпы біз Жаңа жыл тақырыбын 16 желтоқсан өткеннен кейін ғана жан-жақты көтере бастадық. Құрастырылмалы шыршаларды сәл ертерек бастағанымызбен безендендіру жұмыстары бүгіннен бастап қолға алынды. Сонымен қатар отшашу да қала бюджеті есебінен жүзеге асырылмайды», - деді ол.

 

Елорда әкімі Тәуелсіздік күнінде жыл әні өткізілгендігін, оған дейін ҚР Президентінің қатысуымен жастар жылының жабылу және Волентерлер жылының ашылу салтанатты шарасы болғандығын айтты.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов шыршаны кесіп, жаңа жылға орай орнатуға қарсы екендігін айтты.

«Біреулер кескен шыршаны еш уақытта да сатып алмаймын. Меніңше бұл адамшылыққа жатпайды. Әкімдік қызметкері ретінде бір шыршаны өсіру үшін қаншама уақыт қажет екендігін білеміз. Негізінен қарағайды шабады. Бір шыршаны өсіру үшін адамдардың қанша еңбек кеткендігін елестетіп көріңіздерді. Шыршаны өсіру үшін 10-15 жыл уақыт кетеді, ал он 15 минуттың ішінде шауып сатады. Екі аптадан кейін адамдар оны далаға тастайды. Бұл экологияға да зиянды. Әрине, бізде оған тыйым салынбаған. Бір жақтан, мүмкін өзге елден әкеледі. Үйімде жасанды материалдан жасалған шыршаны пайдаланамын. Бір реттік емес, шашылмайды және бірнеше жыл пайдалануға болады», - деді қала басшысы.