Бүгін Үкімет отырысында еліміздің батысындағы 4 облысты дамытудың кешенді жоспары қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Батыс өңірлердің ерекшеліктері мен олардың ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесін ескеретін болсақ, аталған облыстарды әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту өте өзекті мәселе болып табылады. Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша кешенді жоспарлар өткен жылы қабылданған болатын. Оларды тағы да бір пысықтап, қосымша қаржыландыру қажет болды. Ал Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына келетін болсақ, өңір жоспарлары бүгін бірінші рет бекітуге ұсынылып отыр», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, кешенді жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс.
«Мәселен, Ақтөбе облысында өнеркәсіп көлемін 2025-ші жылға қарай 2,8 трлн теңгеге дейін арттыру және қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2 мың шақырымнан астам электр желілері жаңғыртылады, бұл желілердің тозуын айтарлықтай азайтатын болады. 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Шамамен 2,1 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Атырау облысы бойынша электр желілерінде жиілеп кеткен апаттарды одан әрі болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Шамамен 8,3 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр», - деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, Маңғыстау облысында су тапшылығын ескере отырып, су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыны салу және кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр және бұл өте құптарлық жайт екенін атап өткім келеді. Ең бастысы өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінулері керек. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Құжаттарды жалпы мақұлдаймыз. Ұлттық экономика министрлігіне, әкімдіктерге, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кешенді жоспарлардағы іс-шараларды уақытында және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.