13 қар, 2020 сағат 09:35

Еліміздегі ұлттық парктер аумағына камералар орнатылады

Іле Алатау ұлттық паркіне 30 «Эко-Сергек» камерасын орнату жоспаруда. Бұл туралы ұлттық парктің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алғашқы камералар Үлкен Алматы мен Түрген шатқалына қойылмақ. Сосын «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі Қайыңды мен Көлсай көлдері аумағы жоспарланып отыр. Яғни, әдетте адам көп жиналатын жерлер бақыланады», - деді вице-министр жиналыс барысында. 

«Сергек» камераларын бағаналарға немесе жарықтандыру мен телефон байланысы тіректеріне, ұлттық парктердің кіреберісіне орнатуға мүмкіндік бар. «Сергек» бағаналарға 6 метр биіктікке ілінеді де, жүйеде жел генераторы, күн панелі, сигнал қабылдағыш антенна болады. «Эко-Сергектен» тараған дабыл мен видеоны арнайы жедел басқару орталығы қабылдайды.

«Эко-Сергек» камерасын орнатудың мақсаты - инспекторларға парктер аумағын бақылауға көмектесу. Себебі келушілер өз арттарынан жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан оттарын өшірмей, өртке себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі», - деп түсіндірді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, камералар тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге көмектеседі. Сонымен қатар, заңсыз ағаш кесу фактілерін анықтап, экопосттар қызметінің ашықтығын бақылауға болады.

«Бұдан бөлек «Эко-Сергектер» қызыл кітапқа енген жануарлар мекендейтін ұлттық парктер аумағында браконьерлермен күрес үшін де таптырмас құрал», – деп атап өтті спикер.