05 қар, 2020 сағат 11:52

Еліміздегі ең танымал 25 сарапшы жастарға онлайн білім береді

«Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» республикалық онлайн жастар жобасы аясында еліміздің ең танымал 25 сарапшысы жастарға онлайн білім береді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» республикалық онлайн жастар жобасының ең маңызды бағытының бірі – онлайн білім. Еліміздегі ең үздік деген 25 спикер (сарапшылар мен коуч-тренерлер) жастарға білім береді. Бұл жерде бес бағытты таңдап отырмыз. Атап айтқанда «тұлғалық тану», «волонтерлік қызмет», «азаматтық белсенділік», «ақпараттық технологиялар» мен «жастар белсенділігі» бағыттары таңдап алынды. Бұл тақырыптарды жайдан-жай алған жоқпыз. Бұл - жастардың талғамына, қазіргі трендтерге негізделген тақырыптар, осы дағдыларды біздің үздік коуч-тренерлер оқытады», - деді Шахмардан Байманов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Комитет басшысының айтуынша, коуч-тренерлер әр бағыт бойынша 200 қатысушыны оқытады. 

«Сонымен қатар, ашық пікір форматында онлайн диалог құрғымыз келеді. Оған лауазымды тұлғалар мен белгілі қоғам қайраткерлерін шақыру жоспарланған. Онлайн диалог ток-шоу форматында ұйымдастырылады. Жастарды қатты мазалап жүрген бес тақырып таңдап алынды. Бұл жерде тұрғын үй, білім, жұмыспен қамту, ақпараттық технологиялар, белсенділікті шыңдау секілді тақырыптар бар. Осы саланың мамандары өз ой-пікірін ұсынады», - деді ол.