07 қаз, 2020 сағат 16:09

Еліміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты жағымсыз ақпараттар азайып келеді – Бағдат Қожахметов

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесіне қатысты сыни ақпараттар күн сайын азайып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан 2 ай бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында БАҚ және әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау жүйесіне қатысты жағымсыз ақпараттар саны 10%-дан төмен болуы керек деген міндет қойған болатын. Бұл бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесіне қатысты сыни ақпараттар күн сайын азайып келеді. Біз әлеуметтік желілерде белсенді болып, азаматтардың сұрақтарына жауап берудеміз. Күн сайын медиа сараптама жасап отырамыз. 10% туралы айтуға әлі ерте, әрине. Бұл жерде әңгіме денсаулық саласы туралы жағымсыз ақпаратты азайту емес, мәселе – денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын жақсарту», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. 

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының беделіне әсер ететін фактор көп. 

«Мысалы, пандемия Қазақстан үшін ғана емес, басқа мемлекеттер үшін де күтпеген жағдай болды. Бұл дерттен қайтыс болғандар, емделгеннен кейін қандай асқынулар болуы мүмкін екеніне байланысты әлі де зерттеу түсу керек жағдайлар бар. Әлем бойынша болып жатқан бұл жағдайға қандайда бір әсер ете алуымыз қиын. Жақын арада коронавирусқа қарсы вакцина шығып, оны барынша тиімді емдеу жолдары белгілі болады деп үміттенеміз», - дейді ол.