ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында архивтердегі жабық қорларды ашу маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде негізгі жұмыс архивтердің жабық қорларында жүргізілуі керек. Бұл бағытта ғалымдар кедергілерге тап болып отыр. Комиссияның арқасында рұқсат қағаздарын алғанымен, әлі де біздің ведомстволардың архивтерінде кедергілер бар. Сондықтан осыны шешудің басты жолы – ол құпиясыздандыру. Өйткені көптеген құжаттар кеңестік кезеңде құпиялыққа бекітілген», - деді депутат Орталық коммуникациялар қызметінде.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қазіргі кезде Ресейде, Украинада және бұрынғы кеңестік басқа да елдерде кейбір құжаттар ғаламторда, кітаптарда жарияланып жатыр. Ал Қазақстанда бұл қажаттар әлі де құпия күйінде сақталып отыр.
«Қазіргі кезде мекемелермен келісіп, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, арнайы комиссияларды ұйымдастырып, біртіндеп кезең-кезеңмен құпиясыздандыру жүргізу керек. Бұл тек ғалымдар үшін емес, өз бабаларын іздеп жүрген азаматтарға да танысуға жеңіл болар еді. Мемлекеттік комиссиясының шешімімен осындай арнайы комиссия құрылды. Онда бүкіл тиісті өкілетті органдардың мүшелері бар. Енді жоспарын жасап, жұмысымызды бастаймыз. Өйткені бүгінде өңірлерде жүмыстар жүргізіліп жатыр, дегенмен облыстық архивтерде жабық қорлар бар. Олар біртіндеп қазір ашылып жатыр», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, тек Ішкі істер министрлігінің өзінде 172 мың құжат пен іс бойынша жабық қор бар.