21 қар, 2019 сағат 15:11

Елімізде үкіметтік емес ұйым өкілдері іскерлік қазақ тілін меңгереді

Еліміздің алты өңірінде үкіметтік емес ұйым өкілдері іскерлік қазақ тілін меңгерді. Бастама басқа облыстарда да жүзеге асырылады. Бұл туралы Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Азаматтық альянсының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдері іскерлік қазақ тілін меңгерді.

«Қазақстанда бірінші сынып оқушыларының 90%-ы қазақ бөлімдеріне барды, бұл қоғам – тілді меңгеру қажеттілігін түсінетінін білдіреді» - дейді Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім.

Кездесуге қоғам қайраткері, саясаткер Расул Жұмалымен бірге «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның қолдауымен іске асырылған «Үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік тілді ілгерілету бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» жобасын әзірлеушілер мен негізгі үйретушілер келді.

«Сарапшылар үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалап, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олардың әрқайсысында оқу семинарлары өткізілген. Оқыту нәтижелері ақпараттық бейнероликте көрсетіліп, спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді», - делінген хабарламада.