04 қыр, 2020 сағат 13:58

Елімізде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары басталады

Елімізде тұмауға қарсы екпе мерзімнен екі апта бұрын басталады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 млн-нан астам дозасын сатып алды. Бұл шамамен халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс берді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның дерегінше, елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталады

«Яғни әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Естеріңізге салайын, тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 мыңнан астам семинар өткізілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өтті», - деді Бағдат Қожахметов.