14 мам, 2020 сағат 10:44

Елімізде студенттер мен оқушылар лигаларының саны артады

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова балалар-жасөспірімдер спорт клубтарының саны ұлғайтылатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Спорт түрлері бойынша студенттер мен оқушылар лигаларының санын арттыру жоспарлануда. Бүгінде аталған лигалар 7 ойын спорт түрлері бойынша Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өткізілуде. Лигаға 1,5 млн оқушы мен студент тарту жоспарланып отыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде 579 балалар-жасөспірімдер клубы және 107 балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс істеуде. Осы орайда балалар-жасөспірімдер клубын 700-ге дейiн, ал балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары санын 340-қа дейін жеткізу жоспарланған. Бұл шаралар спортпен шұғылданушылар санын 100 мың адамға ұлғайтады деп жоспарлануда. 

Сонымен қатар, өңірлердегi дәрігерлік дене шынықтыру диспансерлерінің жұмысын ұйымдастыру көзделiп отыр.