Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар енгізілді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2020 жылдың қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына еліміздің тұрғындарын ең алдымен балаларды бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға белсенді тарту, спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қайта жандандыру міндеті қойылған болатын. Осы орайда Заңнама және мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар енгізілді. Осы жұмыстардың атқарылуына белсенді атсалысқан ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинға үлкен алғысымызды айтамыз», - дейді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Оның айтуынша, бұл тараптағы жұмыстар министрліктің, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуі арқасында жалғасып жатыр.
«Бірінші кезекте, Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен келесі құқықтық актілер бекітіліп, қабылданды. Бірінші, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары. Екінші, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары. Үшінші, мемлекеттік тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі. Төртінші, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің және спорттық секциялардың рейтингін анықтау қағидалары. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қабілеттері бар балаларға қолданылатын болады. Шығармашылық үйірменің 59 түрі қарастырылған. Әр баланың қызығушылығына қарай мемлекеттік шығармашылық, спорт және қосымша білім беру тапсырыстар аясында көзделген 2 үйірмеге тегін қатысуға болады», - дейді ол.