Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік аудандарынан Қазақстанға жылжыған ауқымды және күшті антициклон республиканың барлық аймағын айтарлықтай суытты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Жексенбі күні ауа температурасы осы маусымдағы қалыпты күн райынан 3...8°С төмен болды, ал солтүстік және шығыс облыстарда 10...15°С төмендеді.
Тек қиыр оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жылы болды. Бірақ, антициклонның шығысқа ауысуы мен суықтың келуіне байланысты осы аудандарда да алдағы тәуліктерде айтарлықтай суық болуы мүмкін.
Сондықтан алдағы үш тәулікте антициклонның ықпалымен Қазақстан аумағының басым бөлігінде суық және жауын-шашынсыз ауа райы болады. Бірақ, 15 қарашада күндіз ауа температурасы аздап жоғарылауы мүмкін.
12 қарашада Маңғыстау облысының кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ болады. Дауылдың ықтималдылығы 90-95 %.
12 қараша күндіз, 13 қарашада тәулік бойы Түркістан облысының кей жерлерінде шығыстан жылдамдығы 15-20, екпіні 23-28 м/с болатын жел соғады. Дауылдың ықтималдылығы 90-95 %.