Алматы қаласындағы Қоғамдық коммуникациялар орталығында тәуелсіз бақылаушылардың ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов және «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы брифинг өткізіп, республикалық референдумның өту барысы туралы мәлімет берді. Ақпарат мегаполистегі жағдаймен қатар, жалпы ел бойынша дауыс беру процесін қамтыды.
Алматыдағы дауыс беру учаскелерінде тоғыз түрлі үкіметтік емес ұйымнан келген тәуелсіз бақылаушылар жұмыс істеп жатыр. Олар дауыс беру аяқталғанға дейін учаскелерде болып, объективті ақпаратты Independ.kz сайтында жариялап отырады. Сондай-ақ бұл платформада мониторинг нәтижелері мен дауыс беру барысы туралы мәліметтермен танысуға болады.
– Таңғы сағат 7:00-ден бастап және референдум күні бойы штаб «дауыс берудің тікелей картасын» көрсетуді жоспарлап отыр. Онда еліміздің әр өңіріндегі учаскелерден тікелей қосылымдар болады. Бұл тек ресми мәліметтер ғана емес, сонымен қатар оқиға орнынан репортаждар, сайлаушылармен кездесулер де қамтылады. Тәуелсіз бақылаушылар құрамында журналистер, заңгерлер, оқу орындарының оқытушылары, студенттер, қоғамдық белсенділер және белсенді азаматтар бар. Штаб жұмысына Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласынан тәуелсіз бақылаушылар қосылды. Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Ең жоғары белсенділік Қарағанды облысында байқалды – Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, сағат 10:00-ге дейін сайлаушылардың 26 пайызы дауыс берген. Алматыда бұл көрсеткіш 9 пайыз болса, жалпы ел бойынша 19 пайызды құрады, – деді Рафаэль Гасанов.
Ол тәуелсіз бақылаушылардың ақпараттық штабын құру туралы шешім қоғамға тексерілген және сенімді ақпарат ұсыну мақсатында қабылданғанын атап өтті.
– Біздің үндеуімізге бірқатар тәуелсіз бақылаушылар мен алты үкіметтік емес ұйым жауап беріп, бір коалицияға бірікті. Күні бойы Independ.kz ақпараттық порталы жұмыс істейді, онда тікелей эфир жүргізіледі.
Тәуелсіз бақылаушылардың қатарындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері референдум барысында сайлау учаскелеріндегі жағдай мен өз бақылаулары туралы тікелей хабарлап отыр. Порталға кірген оқырмандар Алматыда және жалпы ел бойынша референдумның қалай өтіп жатқанын бірінші дереккөзден, объективті түрде біле алады.
Рафаэль Гасановтың айтуынша, штабтың басты мақсаты – референдумның өту барысын жан-жақты әрі объективті түрде жариялау.
