Қазақстанда ағаштарды заңсыз кесуге қатысты заңнама талаптары айтарлықтай күшейтіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Ершов Алматыдағы Sulpak дүкені маңындағы ағаштарды кесу жағдайы тұрғындардың заңды наразылығына алып келгенін атап өтті. Осы орайда бұл бағытта жауапкершілікті күшейту қадамдары туралы сұрақ қойылды.
«Тиісті нормалар уақытылы егізіліп отыр және оларға қолдау жасалды. Ағашты заңсыз кесуге қатысты нормалар үш бағытта қарастырылып отыр. Біріншіден, қаладағы ағаштарға тоқталсақ, бұл тұрғыда ағаштарды өтемақылық тәртіпте отырғызуға байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына өзгеріс енгізіледі», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
«Екіншіден, ағашты заңсыз кесуге қатысты шығынды өтеуді реттейтін Үкімет қаулысы ескерілген. Екі апта бұрын Үкімет отырысында қаулыға тиісті өзгерістер енгізілді. Шығынға байланысты заңнама талаптары айтарлықтай күшейтілді», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
«Қазір аудан әкімдігі мен полиция департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция Департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», - деп мәлім етті қала әкімдігі.
Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды.
Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
24 қараша күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәселені өз бақылауына алғанын мәлім етті.