Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. ҰБТ нәтижелерімен мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға болады. Тестілеу толығымен электронды форматта жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, ҰБТ-ға қатысу үшін 120 мыңнан астам адам тіркелген, оның ішінде бірінші күні тестілеуді 8 мыңнан астам түлек тапсырып жатыр.
Талапкерлер ҰБТ-ны 2 рет тапсыра алады, олар тестілеудің күні мен уақытын өзі таңдайды. Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жоғары ұпайы бар сертификатын ұсына алады. Бұл үміткерлердің грантты жеңіп алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек.
«2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі қатысқан Тамыз кеңесінде тапсырма берген болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өзгерту, оны балаларға ыңғайлы әрі барынша ашық өткізу бойынша мақсат қойылған болатын. Біз бүгін осы мақсатқа жетіп, ҰБТ-ны жаңа форматта өткізіп жатырмыз. Ең бастысы, қоғамда айтылып жүрген сын-пікірлерді ескеріп, жаңа технологияларды қолдана отырып, үлкен өзгерістер жасап жатырмыз», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Электронды формат ашықтықты барынша қамтамасыз етуге, қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға көмектеседі. Бұл форматтың тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қате жауап берген сұрақтарды көреді. ҰБТ қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ бірден апелляцияға өтініш бере алады.
«Енді ҰБТ электрондық форматта өтіп жатыр. Бұған дейін балалар қағаз жүзінде тест кітапшаларын алып, одан кейін тиісті парақтарда жауаптарды бояу арқылы тапсыратын. Тест кітапшаларын басып шығартынбыз, ол кітапшалар жеткенге дейін әртүрлі тәуекелдер де болатын. Екіншіден, 2 мыңға жуық кезекші мұғалім жазда бір өңірден екінші өңірге жіберілетін, оған үлкен қаражат бөлінетін және бұл ретте де әртүрлі тәуекелдер болатын. Үшіншіден – бұл ашықтық. Қазір көріп отырсыздар, әр ата-ана баласының қалай тапсырып жатқанын онлайн бақылай алады. Әр балада бір компьютер, бір бейнекамера бар, прокторинг жүйесі арқылы бақылау жүргізіліп жатыр. Сондықтан көшіріп алу деген сияқты академиялық адалдық қағидаларын бұзуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Тағы да бір өте маңызды мәселе, бұрын балалар тестті бір-ақ рет тапсырып, соның нәтижесі бойынша грантқа конкурсқа қатыса алатын. Қазір балаларда екі мүмкіндік бар. Бір рет тапсырып көреді, егер алған нәтижесі ұнамаса, екінші мәрте қайта тапсырып, сол сертификатпен конкурсқа қатыса алады. Бұл да – үлкен жаңалық», – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Жалпы ҰБТ пәндерінің саны өзгеріссіз қалды – үш міндетті пән және екеуі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық – 15, оқу сауаттылығы – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылардың максималды 140 балл жинау мүмкіндігі бар.