1920 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстанды электрлендіру жоспары қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан аумағыдағы алғашқы гидравликалық станса 1892 жылы салынды. ХХ ғасырдың басында республика аумағындағы барлық электр стансаларының қуаты 2,5 МВт-тан аспады. 1920 жылы Кеңес одағын электрлендіру жоспары қабылданды, оған Қазақстан Республикасы кірді. ХХ ғасырдың 30-жылдарына қарай Қазақ КСР-дегі электр стансаларының қуаты 12,5 МВт-қа жетті. Бүгінгі таңда энергетиктердің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның жалпы энергетикалық қуаты 23 мың МВт-тан асады. 2020 жылы 105 млрд кВт-тан астам электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Оның 3 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынады.
Осынау атаулы датаға орай бүгін ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бірқатар энергетиктті, сала ардагерлерін энергетика жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапаттады.
Министр құттықтау сөзінде 1920 жылы қабылданған электрлендіру жоспары еліміздің өндірістік дамуының негізі болғанын және электр энергетикалық кешенінің басым дамуының негізін қалағанын атап өтті.
«Біздің энергетиктеріміздің жоғары кәсіби және қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан осы қағидаттарды қазіргі уақытқа дейін ұстанып келеді. Еліміздің энергетика саласы ең күрделі мәселелерді шешеді, біздің азаматтарымызды жылумен және жарықпен үздіксіз қамтамасыз ете отырып, ірі инженерлік жобаларды жүзеге асырады. Бүгін біз жылдар бойы еліміздің энергетикалық жүйесін өз қолдарымен жасаған адамдарға құрмет көрсетеміз», - деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетерлігі, электрлендіру жоспарының 100 жылдығына орай бүгін сағат 18:00-де «Хабар» телеарнасында «Біздің заманымыздың Прометейі» атты фильмнің премьерасы болады.