19 жел, 2024 сағат 11:46

"Елден кеткім келеді": қазақстандықтардың ел болашағына сенбеуіне не түрткі болып отыр?

Фото: tengritravel.kz

DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросы жүргізген сауалнама көрсеткендей, әр бесінші Қазақстан азаматы (21 пайызы) елден кетуді ойлайтын болып шықты. Негізгі себеп – табыстың төмендігі мен болашаққа деген күмән. Қазақстан азаматтарының шетелге көшуге деген қызығушылығы, әсіресе, жастар мен еңбекке жарамды жастағы азаматтар арасында жоғары. Ult.kz елден көшуді ойлап жүрген азаматтардың пікірін сұрап көрді.

Қызылды-жасылды арзан күлкіге қамалып отырмыз

Данияр есімді азамат елде әлеуметтік лифт жоқ деп есептейді. Айтуынша, көп адамның өмірі материалдық база орнатумен-ақ өтіп кетеді.

«Көшкім келетін себеп көп, бірақ бастысы біздің елдегі әлеуметтік лифт жоғы. Жастар әлеуметте өз орнын табуы қиын. Көптеген ауыл баласы қалаға ұмтылып, өмірінің көп бөлігін алғашқы материалдық база (баспана, отбасы, көлік шығындары) жинаумен өткізеді. Себебі ауылда жағдай жасалмаған, инфрақұрылым модернизациясы жоқ.
Екінші себебі - елде қоғам эволюциясының көріністері жоқ. Мәселен билік иерархиясында тек бір партия арқылы көтерілуге болады. Ал бұл идеялардың тарлығына, елдің саяси-экономикалық тығырыққа тірелуіне әкеп соғады. Демек саясаттан аз-кем хабары бар жастар елде сыймайтынын түсінеді. Осының салдарынан ел түгелдей дерлік гетто режиміне өтіп, қылмыс көбейді: тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жемқорлық өршіп тұр.
Үшінші себебі деп қоғамның электорат ретіндегі амбициясы жоқ. Еркіндік үшін күрескен Кенесарының, кейін Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, берідегі желтоқсаншылардың шындығы ашылуы былай тұрсын, Тәуелсіздік алған елдің өзінде еркіндік жоқ. Автократиялық жүйе адамның толыққанды дамуына шектеу қойып отыр. Қоғамда плюрализм жоқ, ал мұның салдарынан өзгеше ойлыларға өшпенділік танытуға ұласады. Қоғам саяси және экономикалық тұрғыда жетілмеген, инфантилизм мен діни догмаға ұрынып, қазіргі таңда тек шоу-бизнес пен қызылды-жасылды арзан күлкіге қамалып отыр», - деп ашынды кейіпкеріміз.


Дін мен дәстүр қыспағы

Меруерт есімді кейіпкеріміз әлеуметтік теңсіздік салдарынан адамдар 2-3 жерде жұмыс істеуге мәжбүр, соның өзінде арқаңды кеңге жайып, шалқып өмір сүре алмайсың, себебі жалақы аз. Оған тағы дін мен дәстүрге негізделген менталитет қосылып, шығармашыл адамдардың тынысын тарылтып отыр дейді.

«Бұл елден кеткім келетін ең бірінші себеп – бұл әлеуметтік теңсіздік. Менің мамандығым журналист және мен бір ғана газетте жұмыс істеп, 140 мың теңге жалақы аламын, ал менің төлейтін пәтерімнің ақысы – 100 мың теңге. Менің жолдасым ұзақ жылдар шетелде жұмыс істеп келген. Қазақстандағы оған төленетін 500-600 мың теңгені ол місе тұтпайды. Қазір ол тендермен айналысып жүр, бірақ тендер тақырыбына енудің өзіне оған 1-2 жыл уақыт кетті. Қазір біз белгілі бір себептерге байланысты шетелге шыға алмайтын болғандықтан, Қазақстанда өмір сүруге мәжбүрміз. Жолдасымда тендер болмай қалған уақыттарда шығындарды өзім арқалауыма тура келеді. 140 мың теңге айлыққа қарап отырмайсың ғой, мен кем дегенде 4 жерде жұмыс істеймін. Сайтым бар жұмыс істеп жатқан, ол жерден 85 мың теңге айлық аламын. Одан бөлек тағы бір республикалық газетте меншікті тілшімін, ол жерден 65 мың теңге аламын. Солай-солай басын құрап, айына 350 мың теңгеге жеткіземін. Жолдасыма қатты салмақ салмай, өзімнің қажеттілігімді өтегім келеді.
Бізде байлар тым бай да, ал орта тап өкілдері, ең төмен топ олар тым жұпыны тұрады. Сол әлеуметтік теңсіздік мені қатты қапаландырады, арқама қатты батады және денсаулығыма да қатты әсерін тигізеді. Бірақ жас болғаннан кейін сынбай келе жатырмын. Жолдасым көп жыл шетелде тұрғаннан кейін біздің Қазақстанның менталитетіне үйренуге де оңай болған жоқ. Мысалы, тендермен айналысудың өзі оңай емес, ұту өте қиын», - деп ашынды кейіпкеріміз.


Меруерт те, көптеген қазақ келіндері сияқты тұрмыстың тауқыметін тартып, әбден шаршаған. Ата-енеден бөлек тұрмасаң, келінді тегін үй қызметшісі деп көретін егде жас буын өкілдері әлі бар. Бұл атадан балаға жалғасқан дәстүр шеңберінен шығу да оңай емес.

«Қазақстаннан кеткім келетін екінші себеп – бізде ойлау шеңбері өте шектеулі, әсіресе оңтүстікте. Дәстүр, дін тұрғысынан келгенде сол дүниелердің айналасынан шыға алмаймыз. Бізде еркін, шығармашыл адамдарға қысым өте көп. Менің жасым 30-да, мен мектепте буллинг көрдім. Мені қиял, біртүрлі, өз әлемі бар деген дүниелерді көп естіп өстім. Бірақ сол нәрсені ести тұра, мен өзімнің шығармашыл адам екенімді толықтай қабылдап, өзіммен-өзім жүре беретінмін, ал қазір келін болып түскеннен кейін, 4 жыл болды келін болғаныма, әлі күнге дейін мені қабылдамайды. Мен кітап оқитынымды айтсам, кітап туралы әңгіме айтсам, немесе оқшау ойларымды айтып қалсам, «Мақтанып тұр», «Тәкаппарланып тұр», «Бізді менсінбей тұр» деп қабылдайды. Өзім туралы еш жерде ештеңе айтпауға тырысамын. Олардың тіршілігімен өмір сүріп жүрген адам сияқты болуға тырысамын, өйткені оқшаулап тастайды және оның кесірі сенің отбасыңа тиеді. Сенің жолдасыңмен қарым-қатынасыңа әсер етеді. Бізде адамның жеке өмірін сыйлау деген таяз деңгейде, сол нәрсеге менің қарным ашады. Бірақ мен өзіммен-өзім болуға күресіп келе жатырмын және өзімді толықтай қабылдаған адаммын. Сол үшін барынша елдің сөзіне мән бермеуге тырысамын. Оңтүстікте мен сияқты адамдарға өмір сүру өте қиын. Сол үшін шетел асып кеткім келеді. Біздің негізі жоспарымызда бар елден кету», - дейді ол.


Кейіпкеріміздің айтуынша, елде эстетикалық тұрғыдан ләззат алуға болатын аймақтар аз. Сұр әрі сүреңсіз ғимараттар тез жалықтырады. 

«Үшінші мәселе – қай облысқа барсам да, қай өңірде өмір сүрсем де, мен тез жалығамын. Өйткені қай облыс болмасын, эстетикалық тұрғыдан бәрі іш пыстырады. Алматыда екі жыл тұрдым. Біздің мәдени астанамыз деп жүрген Алматының өзінен мен жалығып кеттім. Түркістанда тұрдым жарты жыл, ол жақтан да жалықтым. Бәлкім оған адамдардың түсінігі де, әлеуметтік мәселелер де әсер ететін болар. Сондай-ақ архитектура, сәулет, бәрі ішпыстырарлық, тек табиғат қана бар, оған да шығып-шығып шаршайсың ғой. Әлеуметтік мәселелер кесірінен әлі ел-жер аралап көрген жоқпын, сондықтан да мен рухани тұрғыдан ашпын. Қазақстанды сағынып оралғым келеді, аңсап, іздеп, туған жерім деген сезіммен келгім келеді. Бұл менің ойға алған мақсаттарымның бірі», - деп аяқтады сөзін Меруерт.


Қайда барсаң да - көзбояушылық

Тілеужан Ахметов есімді кейіпкеріміз қазақ халқы қонақжай, ашық-жарқын болғанымен, көзбояушылық көп дейді. Биліктен бастап, халыққа дейін бәрін "істелді" деген есеп үшін жасайды. 

«Халыққа да, билікке де ортақ дүние - көзбояушылық. Оған түрлі форум, съезд, тағы да басқа ақша көп кететін жиындар дәлел. Сол сияқты халық та той жасап, біреуге бірдеңе дәлелдегісі келеді, ал екінші жағынан қарыз бен кредитке батып жатады. Себебі той жасамасаң, сені бәрі кедей деп ойлауы мүмкін. Ал кедейлерді ешкім жақтырмайды, бәрі бай болып көрінгісі келеді, сол үшін қымбат көлік, қымбат телефон, қымбат киім алады. Оның бәрі, әрине, қарызға. Бәрі сол елдің көзінде абыройлы көріну үшін. Өйткені бәрі бір-бірін аңдып қалған, көреалмайды, көрсеқызарлық, іштарлық, аяқтан шалу, қасақана бірнәрсе ұйымдастыру. Біреудің қуанышына қуана алмау, айта берсең көп», - дейді кейіпкеріміз. 


Тілеужан кейінгі кездері жайлаған қымбатшылық та елде жайлы өмір сүруге кесірін тигізіп жатыр, бұл да биліктің біліксіздігінен болып отыр дейді.

«Мысалы, қарбыз дүкен сөресіне түскенше, шаруадан бастап, бірнеше делдалдың қолынан өтеді. Әрине ортадағы делдалдар қаншама үстемақы қосады. Сондықтан біз оны қымбатқа сатып аламыз. Мұның бәрін билік реттеуі керек емес пе? Реттейін десе, сол делдалдардың көбі өз туыстары, таныстары болып шығады. 
Жалпы ішкі өнім төмен елде тұрып жатырмыз, бұл енді солай болып қалды, жалақы аз. Шетелде сағатына 40$ аласың, енді 12 сағат жұмыс істесеңіз, көбейтіп көріңіз қанша алатыныңызды. Бізде мұндай ақша ала алмайсың. Жер шары адамзатқа берілген соң, бір жерге байланып отырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Шетелде тұруға ықтиярхат алу да оңай емес екенін білемін, бірақ тырысып көрген дұрыс», - дейді Тілеужан Ахметжанов. 


150 мың теңге жалақы күлкілі емес пе?

Үшінші кейіпкеріміз Жанар — қазір Варшавада жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы. Ол елден кетуге жұмыссыздық себеп болды деп отыр. Жұмыс тапқан күннің өзінде айлығы тым төмен.

«Қазақстанда жұмыс таппадым, Алматыда 150 мың айлық ұсынды. Бұл айлыққа қалай күн көруге болады? 8 жыл бұрын Қытайға кеткенде сондай айлық болған еді, түк өзгермеген. Сондан шетелге кетуді жөн деп шештім. Шетелде кез-келген жерде қара жұмысқа шықсаң да, аштан өлмейсің. Пәтер ақысы + тамаққа толығымен жетеді, жеткізуге болады. Тек бір минусы – тұруға ықтиярхат 6-7 айдай созылып, тез беріліп жатқан жоқ. Соғыс кесірінен, адам көптігінен 2-3 айда жасалатын нәрсе 1 жылға дейінгі мерзімге созылып кетті. 
Мұнда да инфляция бар, әрине, бірақ үкімет өлтірмейтінін көресің. Енді мен ішкі өмірін толық көрдім деп айта алмаймын, сондықтан асыра мақтамай-ақ қояйын. Заңсыз жүрген адамдар ұзаққа бармайды. Тұруға ықтиярхатсыз жұмыс берушілер де алмайды. Ұзақ уақытқа, 5-6 жылда барған елімнің тілін үйреніп, сіңіп кетемін, бәрін заңды түрде жасай аламын десең жақсы. Көбіне адамдар 500-1 млн теңгеге дейін агенттіктердің қызметін төлеп келіп, 1 айда сондай айлық алып,  жауып тастаймыз деп келеді. Тіл білмей, нарықты зерттемей, өз бетінше бұл жақтағы агенттікке бағынышты болмай (себебі олар тағы ақша ұстайды, тікелей жұмыс беруші болмағандықтан) өмір сүру қиын. 
Ең төменгі ставка қазір Польшадағы айлық неттомен 3500 злоты жоғары. Яғни 124 теңге көбейтсең, ең аз дегенде 1000 еуролық айлық аласың», - деді кейіпкеріміз. 


Шетелде әділет бар деп өмір сүру - иллюзия

Батыста жетінші жыл тұрып жатқан Әсия Бағдәулет Қазақстаннан шаршап, әйтеуір басқа жақта барақат, әділет пен шындық бар сияқты көретіндер көп дейді. Алайда ешбір елде ешкім тегін ештеңе дайындап күтіп отырмағанын ескертеді.

«Мұнда да медиа сатылғыш, өздеріне қолайлы тақырыптарда ғана батыл да шыншыл. Қожайындары қаламаған тақырыптарда, тіпті ол ғасыр жауыздығы болса да жақ ашпайды. Әділдік пен шындық үшін, күнкөріс үшін қай жерде де тартыс. 
Бәрін құрғыр дүние қызықтырады. Ақша тапсам дейді. Америкада ақша табарсың, бірақ ол ақшаны қалай табасың? Алматыда жеке дүкені бар адам Америкада даяшы болып жүр. Алған білімің мен білігіңді тәрк етіп тапқан нан дәмді бола ма? Көңілді толтыра ма?
Батыста не құнды - адамның қолымен жасалатын дүние құнды. Сондықтан Қазақстанда қара жұмыс істегенше, Америкада сол жұмысты істеп, бірнеше есе көп табыс табуға, ел қатарлы күнелтуге болады. Ал Қазақстанда ой еңбегімен, кәсіппен шұғылданып, шетелде қара жұмыспен ақша таптым деу - білмеймін, ол қаншалықты көңілді тойдырады.
Қазіргі глобал заманда миграция деген үйреншікті құбылыс қой. Шетелде қазақтың сөзін сөйлейтін диаспора да керек», - дейді ол.


Әсия шетелге бармас бұрын шетел туралы идеалистік қиялдан ажырау керек дейді.

«Қазақстан мінсіз емес, бірақ әлемде мінсіз жер жоқ. Біз жақсы көретіннің бәрі де мінсіз емес, тіпті өзіміз де. Соны қабылдайтын кемелдік болса ғана іске сәт. Әйтпесе қиын», - деп ескертті Әсия Бағдәулет.


Анара Бауыржанқызы