24 мау, 2019 сағат 09:57

Экстремизмнің бастауы - діни сауатсыздық

Бүгінде «экстремизм», «терроризм», «діни лаңкестік» деген сөздерді білмейтіндер кемде кем. Баспасөз бен интернет көздерінде өзге мемлекеттер мен еліміздегі дін саласына, әсіресе, экстремалдық, террористік оқиғаларға негізделген ақпараттар баршылық. Бұл аталған тақырыптың әлемдік деңгейдегі күн тәртібінде екенін айғақтайды.

Қазақстанның жер бетіндегі елдерге көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекет ретінде танылғаны белгілі. Десе де, діни лаңкестік оқиғаларының аймағымызда бірнеше рет орын алғанын жасыра алмаймыз.

Қазіргі таңда діни экстремалдық, террорлық ұғымның асыл дінмізге телінген қара күйе екендігін білеміз. Мұны өкінішпен мойындауымызға тура келеді. Үстіміздегі жүз жылдықтың алғашқы кезеңінде Ауғаныстанның, Ирактың, Израильдің, Палестинаның шекараларында орын алған төтенше жағдайларды түрлі теріс ағымдардың Алланың ақ дінінің атын жамылып, мойындаулары ориенталист бағытындағы топтардың «ислам терроризмі» ұғымын жандандыра түсті. Бұл ахуал ел аумағындағы діни экстремизм түсінігін қалыптастыра берді. Себебі, егемендік жылдарындағы рухани жаңғыру, көпшіліктің құбылаға қарап тізе бүгуі төл дінімізге деген айрықша ұмтылысты аңғартты. Кеңес заманындағы атеистік идеология, соған сәйкес керек маманның тапшылығы бағыты жат, ұлты бөлек, өзге сенімдегі миссионерлер мен уағыз-насихат жүргізушілердің шекарамыздан енуіне себеп боды. Олардың дені радикал ойдағы, лаңкестік пиғылдағы («Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», сәлафизм т.б.) ағымдардың көшбасшылары еді.

Салалық кітаптарда ислам иерроризмі «Өзге дінді ұстаушылар мен дін ұстамайтындарға төзімсіз болу, оларға өздерінің ағымының аясындағы қағидатпен, көзқараспен қарау, саяси және басқа да мүддеге жету жолында қандай да бір ережені негізге алып, залалын тигізу» деп жазылады. Бұл сипаттарды басшылыққа алатын болсақ, жаңағындай түсініктегі топтардың іс-әрекеттерін радикалистік ретінде бағаламдауға әбден негіз бар. Қазақстанда бұл топтардың мекен еткен өңірлері де әр қалай. Ғалымдардың сөзіне қарасақ, жиһадқа жетелейтін террористік ұйымдар мемлекетіміздің батыс аймағында көп. Өйткені, ол өңірдің экономикасы қуатты, яғни теріс пиғылдылар мұнайға қызығады (ағым өкілдерінің шикізат құбырларынан мұнай ұрландығын растайтын деректер бар), Ресей Федерациясымен шекаралас, әсіресе, «ғаламдық жиһад» террористік ұйымы мекендейтін Астрахан өңіріне тиіп тұр, сонымен қатар ел бабаларымыз ұстанған асыл дінімізден хабарсыз.

Жалпы ислам терроризмінің мемлекетіміздің аумағында таралуының бірнеше себебін атауға болады. Біпінші, ислами білімсіздік. Асыл дінімізге дәстүрлі түсінікпен қарамау сондай білімсіздіктен орын алады. Мұнда Абай іліміндегі иманның «иәкини», «тахлиди» деп бөлек қарастырылуын өзек етуіміз керек. Бұның алғашқы айтылғаны – таным мен ақыл дәлелі туғызатын шынайы иман. Соңғысы – өзің ештеңе ұқпай, ешнәрсе жайында толғанбай, діншілдердің жетегінде кетіп, «Көппен көрген ұлы той» деген надандыққа тән соқыр наным, үстірт сенім. Мұны бүгінгі қоғамдағы діни білімсіздіктің кейпі, радикализмге ілесудің алғышарты деуге болады.

Көпшіліктің ішінде, әсіресе кейінгі буынның арасында өзгеге ерушілік, еліктеушілік қандайда бір ұйымның жетегінде кетуге әкеп соғады. Бұл – жалған сенімнің іргетасы, жат пиғылды мойындаудың алғышарты. Бұл – радикализмге жеткізетін даңғыл, себебі лаңкестік пиғылда өзіңнің ұстанымың ғана тура, ақиқи және шын болып саналады. Осындайдан барып басқа діни сенімге төзбеу, қысым жасау сынды пиғыл мен ниет пайда болады. Бұл өз сеніміңді, көзқарасыңды барынша насихаттау, керек болса күшпен көндіруге жеткізеді. Іле-шала лаңкестік белгілері мен өкінішті оқиғалары көрініс табуы мүмкін.

Интернет көздеріндегі террористік ойларға жетелейтін парақшалардың, беттердің көптігі де атап айтарлық себептің бірегейі. Бұндай ғаламтор көздерін екі бағытқа бөлуге болады. Мәселен, қайбір интернет парақшалары мұсылман жұртының қысым көргенін, АҚШ-тағы, Еуропадағы, Израильдегі діндестеріміз туралы жайындағы ақпараттарды, қан-жоса болған мұсылмандардың фотоларын, видеотаспаларды ұсынып, жер бетіндегі Алланың дініндегілерге дұшпан қылып әшкерелеуді көздейді. Сонымен қатар көсемдерінің уағыз-насихаттары видео, аудио жазбалармен жарияланады. Онда зайырлылыққа негізделген қоғамның ақиқат дінге қастығы, ондай елді басқарушылар, діни қызметшілері «кәпірлер» деген идея барынша дәлелмен жеткізіліп, ондай қоғамда өмір сүрмеуге, бағынышты болмауға үгіттеледі. Ондай жарияланымдар білімі таяз, бірақ өзін Алланың ақ дінінде санайтын мұсылманға қысымда жүрген діндесіне жәрдемдесу, халифат мемлекеттің іргесін қалауға атсалысу, керек жағдайда құрбанына айналу сияқты ой туғызады. Олар осы пиғылдарын сол ақпарат көзіндегі жиһадқа қатысу, шахидтық мұсылман атану жайындағы насихаттармен нығарлап, ғұмырлық ұстанымдарына, фәнилік мақсатттарына айналдырады.

Ал интернеттегі кейбір ақпарат көздері оқырманын тез арада жиһадқа шақырып, зайырлылыққа негізделген қоғамды құлдыратуға үндемейді.

Немесе зайырлылыққа негізделген мемлекет пен басқа діндер жайында сын жазбалар қалдырмайды. Бұл ғаламтор парақшаларының дизайны таза, мойындалған діни ақпарат тарататын сияқты болуы да ғажап емес. Бірақ олардың мүддесі сол елдегі сан жылдар бойына қалыптасып, пісіп үлгерген дәстүрлі исламды ыдыратуды көздейді. Айталық, ондай сайттар «Рамазан айында ораза тұтудың міндетті екенін мойындамаған мұсылман кәпір болатынына, яғни діннен шығатынына ғалымдар бір ауыздан келіскен» деп «пәтуа» таратуы мүмкін. Ал бұл дәстүрлі Ханафи мәзһабына қайшы, себебі ораза ұстамаған адам діннен шықпайды. Осы сияқты, «Беташар, сәлем салу, домбыра тарту сынды салт-дәстүрлерді орындағандар Аллаға серік қосады» деп сендіретін ғаламтор парақшалары да жамағат арасында бөлінушілік тудырып, діни фанатизмге соқтырады.

Аталған ақпарат көздері «Тауһид – шынайы сенім, ал жиһад – оны іске асыру жолы, жиһад – әр мұсылманның міндеті» деген мүддені көздейді. Осындай ойға кейде ашық түрде, кейде жасырын түрде, барынша белсене кіріседі. Қоғамымызда арабтардың ұлттық киімдерін кигендер мен Алланың үйіне қос құлағына құлаққап іліп баратындардың көбейгенін осының нәтижесі деп пайымдауға әбден болады. Сондай-ақ жат топыраққа жиһадқа кетіп, ажалға асыққандар мен туған жерінде лаңкестік, радикалистік ойларды насихаттап темір торға түскендердің де қатары жиіледі.

Интернеттегі терроризмге үндейтін ақпарат көздерінің салдарынан өзге мемлекеттен ілім іздеп, жалған шейхтардың, өтірік ғалымдардың уағызына уланған «ахилар» мен «ухтилардан», «брат», «сестралардан» жасақталған топтан қанша жас жапа шегіп, кейінгі буынның дәстүрімізден, ділімізден безінуі алаңдатады. Сондықтан бұл проблеманың түйінін тарқату – ұлт ұпайын түгендеудің бірден-бір жолы. Қайбір халықтың діни топтарға бөлінуінің соңы біртұтас мемлекеттің шаңырағының шайқалуына әкеліп соққанын уақыт көрсеткен. Сондықтан бұл проблемаға селқос қарамай, шешу жолдарын іздеу уақыт талабы болып тұр.

Осы жолда заң нормалары жіті сүзгіден өтіп, толықтырылғанынан, тіпті арнайы мекемелердің іргесі қаланғанынан хабардармыз. Өңір-өңірге ақпараттық-насихат топтары жұмылдырылып, түсіндіру шараларының күшейтілгені де үлкен шаруа. Дегенмен, діни лаңкестікпен, терроризммен күресуде салмақты рөл атқаратыны діни білімділік дер едім. Бұл мақсатта қандайда бір медресені, мектепті оқу міндетті емес. Имамнан да сауат ашудың қажеті шамалы. Діни білімділік ұлттың тарихын, дәстүрін білумен бірге, әлем деңгейіндегі жаңалықтарды, оқиғаларды қадағалап, оқудан тұрады. Яғни, Отаныңды сүйіп, дәстүріңді құрметтеу, тарихыңа тағзым етіп, қасиет тұту да сол діни білімділіктің бір белгісі. Себебі, ұлтымыздың өткенін оқып, шежіресін танысаң, бабаларымыздың басқа мемлекетті себепсіз жаулап, жат ұлтты, ұлысты немесе дінді кемсіткенін аңғармайсың. Сонымен қатар қазақ салт-дәстүрлерінің асыл дініміздің қағидаттары мен шариғатына еш үйлеспей қалған тұсын көрмейсің. Керек болса, бір-бірімен қабысып жататындығын көру үшін де сондай білімнің қажеті шамалы.

Негізі діни білімді болу деген сөз жалпы сауаттылық қасиеттің бір бөлігі болғаны жөн. Жер бетіндегі ғаламдық, дәстүрлі немесе енді ғана ірге қалаған діни ағымның шежіресін, бағытын, құндылықтарын ұғынып, біліп, өтірік ұйымдардың, террористік пиғылдағы ағымдардың ақ-қарасын ажырата алатын адам радикализмге бой алдырмайды, алданбайды. Осы орайда кейінгі буын ішінде діни білімді кең тарату үшн «Дінтану» курсының өзектілігі арта береді. Орта білім беретін мектептерде он шақты жылдан бері оқытылатын бұл пәнді бүгінде жаңартып, толықтыра түскен дұрыс. Себебі, бүгінгі діни ахуалды кешегімен салыстыруға келмейді, күрделеніп кеткен.

Діни сауаттылықты арттыру шаруалары орта білім ошақтарымен шектелмей, арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарында жалғасқаны абзал. Студенттер ішінде дінтанудың салмағы кем, қажеті шамалы, әйтеуір бағалану мақсатында оқытылатын пән сияқты болммауын қадағалаған жөн.

Бұл шаруалар ел жастарының діни экстремизм мен радикализмнен іргесін аулақ салып, ұрынбауларына кепіл болары сөзсіз. Сондықтан осы іске қоғам болып жұмылғанның кемдігі жоқ.

Асхат Қойшығара