17 шіл, 2020 сағат 09:18

Экология министрлігі заңсыз қоқыс орындары бойынша жедел желіні іске қосты

Экология министрлігі заңсыз қоқыс орындары бойынша жедел желіні іске қосты. Бұл туралы Twitter-дегі парақшасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

Оның айтуынша, бұл желіге Қазақстанның кез келген тұрғыны өз қаласы немесе ауданындағы заңсыз қоқыс орындары мен деректері туралы, оның ішінде, соны растайтын фото, бейнематериалдарды жолдай алады. 

«Сіздермен, сондай-ақ ішкі істер департаменті және әкімдіктермен бірге жағдайды бақылап, сол жерге барып, шара қабылдайтын боламыз», - деді министр.

Экология министрлігі бір ай ішінде еліміздегі барлық қоқыс полигондарына толықтай мониторинг жұргізбек. 

10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесі туралы айта келіп, заңсыз қоқыс орындарының проблемасына ерекше назар аударды. Жыл сайын Қазақстанда 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі еліміз бойынша тек 15% қана. Президент айтқандай, бұл жеткіліксіз. Сондықтан ол Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, «Waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай туғызуды тапсырды. 

Экология министрлігінің стихиялық үйінділер бойынша жедел желісінің нөмірі: +77759524900.