06 қар, 2020 сағат 10:26

Экология министрлігі: Іледе геологиялық барлау жүргізу - өзеннің экожүйесіне кері әсер етеді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің мамандары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ның Алматы облысының Балқаш ауданындағы жобасына теріс баға берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне слтеме жасап.

Компания геологиялық барлау үшін қарастырып жатқан аумақтар республикалық маңызы бар табиғи қорықшаның шекарасында орналасқан. 

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес, кешенді мемлекеттік табиғи қорықшаларда табиғи кешендерге, өсімдіктер мен жануарлардың интродукциясына қауіп төндіретін шаруашылық қызмет жүргізуге тыйым салынады. Аталған заң нормаларында «жарылысқа, зиянды технология мен техниканы, жерді жыртуға» тыйым салынатыны да жазылған.

«Осыған байланысты Экология министрлігінің Су ресурстары комитетінің мамандары қорықша аумағында геологиялық барлау жүргізу дұрыс емес деп санайды. Министрлік сарапшыларының бағалауынша, Іле өзенінің сағасы геологиялық барлау жұмысын жүргізу жерүсті және жерасты суларына, сонымен бірге Іленің экожүйесіне теріс әсерін тигізеді. 

Іле өзені Балқаш көліне құяр тұста аумағы 8 мың шаршы шақырымды құрайтын атырауға (дельта) айналады. Еліміздегі сақталып қалған жалғыз дельта көлмен гидравликалық байланыста және ол экожүйедегі экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұруда табиғи реттеуші рөлін атқарады. 

Балқаш шұңғымасындағы интенсивті шаруашылық қызмет көлге қауіп төндіріп, кері салдарға апарып соқтыруы мүмкін», делінген хабарламада. 

Министрлік мамандары, оптималды гидрологиялық режимді ұстап тұру үшін дельта учаскесінде ондағы қалыптасқан жағдайды өзгертетін ирригациялық жұмыстарды тоқтату керек деп санайды.