ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдегі ірі проблема қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің төмендігі мен оларды бөлек жинау әрі сұрыптау бойынша тиісті инфрақұрылымның болмауына байланысты. Сондықтан жаңа Экокодекстің бағыттарының бірі - ол «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру» болып отыр. Қазіргі уақытта еліміздің 3,5 мың полигонында
120 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған және жыл сайын 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар қалыптасады. Салыстыратын болсақ, көлемі бойынша 42 футбол алаңына тең», - деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдан бастап тұрмыстық қалдықтарды өңдеу
2,6 пайыздан 14,9 пайызға дейін өскені байқалады. Алайда бұл көрсеткіш жеткіліксіз.
«Түзілген тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемін қысқарту үшін «Waste to Energy» тетігін енгізу ұсынылады. Осы орайда қалдықтарды жағу ескерілген, яғни бұдан электр энергиясын ала отырып, оны желіге тарату қарастырылып отыр. Бұл тетік Еуропада өзін жақсы көрсетті», - деп түсіндірді Мырзағалиев.
Оның айтуынша, «Waste to Energy» тетігін енгізудің арқасында қоқыс өңдеу және жеке инвесторлардың қаражатын тарту мәселесі шешілетін болады.
«Бұл 2025 жылға дейін қалдықтар көлемін 30 пайызға қысқартуға және 180 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Еуропа елдеріндегі 150-ге жуық зауыт осындай механизм бойынша жұмыс істейді», - деді ведомство басшысы.
Сөз соңында ол еуропалық директиваларға ұқсас, шығарындыларға қойылатын талаптарды сақтау бойынша қатаң шектеулерді енгізу жоспарлануда.