Өмірде не болмайды дейсіз. Әртүрлі адам сенгісіз оқиғалар орын алып жатады. Тағдырдың тарамыс жолдары талай жандарды тепкіге салады. Өмірде болған бір оқиға баяндап берейін. Әңгіме газет бетінде жарияланған…
Әжемнің ауылында, бір отбасында анасы мен баласы тұрыпты. Жігіттің өзгелерден ерекшелігі, біріншіден гармондары керемет ойнайды, екіншіден летаргиялық ұйқыға жиі кетіп, апталап, тіпті екі аптадай ұйықтайды екен. Анасы осыны білетіндіктен мұндайда қатты уайымға салынбайтын көрінеді. Содан бір күні жігіт үш апта бойы ұйықтап, оянбайды. Сол бір жылдары ауылда дәрігер атаулы болмаған екен. Сондықтан ауыл адамдары ауыра қалса, Аня деген әжейді емші санап, барлығы содан кеңес алыпты. Үш апта ұйықтаған жігіттің қатты жүдеп, солып қуарған түрін көрген Аня әжей оны өлдіге санайды. Барлығы оның сөзіне құлақ асып, жігітті қара жердің қойнына тапсырады. Одан өзге ешкімі жоқ ана, өлген баласына бар жақсысын киіндіріп, қолына алтын сағатын тағып, жанына гармонын қояды. Мұны білген қарақшылар түнде жігіттің қымбат заттарын алу үшін моланы қазып, табытты сыртқа алып шығады. Айналада ешкім жоқ екеніне көз жеткізген қаскөйлер табыттың шегелерін бір-бірлеп суыра бастайды. Соңғы екі-үш шеге қалғанда, адамның ыңыранған дауысы есітіледі. Жан-жаққа қарайды, ешкім жоқ. Қарақшылар ақырын құлақтарын табытқа тосады. Ыңыранған дауыс табыт ішінен шығып тұрғанын естіп, қарақшылар алды-артына қарауға шамасы келмей қаша жөнеледі.
Жігіт дәл сол сәтте ұзақ ұйқыдан оянған екен. Бәлкім Алланың әмірі солай болған шығар, кім білсін? Ол табыттың қақпағын ашып, тысқа шығады. Болған жайдан бейхабар жігіт ұйқыдан ояндым екен деп, орнынан тұрып, қолына гармонын алып, түн ортасында үйіне келеді. Есік қақса анасы ашпайды. Ол өзінің ұлы екенін айтып қанша жалынса да сенбей, есікті ашпайды. Анасы елес мазалап келіп тұр деген оймен: «Жоғал бұл арадан әйтпесе атамын» -деп айғай салады. Сол кезде ұлы гармонмен анасы сүйіп тыңдайтын әндерді орындай бастайды. Алайда көңілі одан әрмен жабырқаған ана мылтықтың шүріппесін басып жібереді. Түн ортасында жалғыз далаға шығуға қорқып, әйел таңның атуын күтеді. Түнді ұйқысыз өткізген әйел таң атысымен есік алдына шығады. Сол кезде ғана түнде үйге келген елес емес екеніне көз жеткізеді.
Бірақ бәрі де кеш еді. Жалғыз ұлы есік алдында қанға боялып жатады, жанында гармон. Сонда барып, өзінің орны толмас қателік жасағанын біледі. Сол мезетте әйелідің шашы ағарып кетеді. Ұлын қайтадан жерлеген соң өзі де бұл дүниеде көп тұрақтамапты. Көп ұзамай, ұлының бейітінің жанында өліп жатқан әйелді ауылдастары тауып алған екен.