25 қыр, 2020 сағат 13:38

Екі облыста коронавирус табылған мектептер мен балабақшалар карантинге жабылды

Екі өңірдегі мектептер мен балабақшалардан анықталған коронавирусқа байланысты аталмыш әлеуметтік нысандар карантинге жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанның екі облысының білім ордаларында кезекші сыныптар мен балабақшалардағы кезекші топта коронавирус инфекциясы анықталды. Барлығы - 16 бала. Оқу ордаларының бәрі де карантинге жабылды», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. 

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болған ата-аналар мен мұғалімдер үй карантиніне жатқызылған. 

«14 күн өткеннен кейін аталмыш білім ордалары мен балабақшаларда өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге балаларды қайтадан тексереміз. Балалар ауруды жеңіл түрде өткеріп жатыр. Көбінде дене қызуы да байқалған жоқ. Кейбірінде жөтел, кейбірінде аурудың басқа да жеңіл түрлері анықталды. Жалпы жағдайлары жақсы. Бәрі де үйінде. Олар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Дәрігерлердің бақылауында», - деді ол.